Алматы облысында жауынның жиі жауғаны салдарынан жерасты сулары көтеріліп, бірнеше саяжайды су басып қалған. Табиғаттың тосын құбылысынан жертөлелер суға толып, баспаналардың іргетасы сөгіле бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соның салдарынан тіпті кей үйлердің қабырғалары жарылып, құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Үй иелері өздері әрекет етіп суды сорғызғанымен, одан ешқандай пайда болмаған көрінеді.
«Осылай үйімізді су ала бастағанына да 3-4 жыл болды. Қалай біз осы құрылысты бітірдік, үйіміз қақ айрылып, жарылып жатыр. Өйткені біздің жоғары жағымызға да үйлер салына бастады. Бәлкім, солар судың арнасын бітеп тастады ма... Негізінде біз үйдің құрылысын бастаған кезде жан-жағымызда қамыстар болған жоқ», – дейді тұрғындар.
Бибігүл Дәрмеш әр түн сайын жанын шүберекке түйіп ұйықтайтынын айтады. Себебі үйінің қабырғасына түскен жарықтар күннен-күнге ұлғайып бара жатыр. Қазір бөлмелер түгел жарықшақтанып, үй бір бүйіріне қарай қисая бастаған.
«Үйіміз шамамен 5 жылда салынып бітті. Төрт қабырғалы болғанымызға жүрегіміз жарыла, банктен несие алсақ та, үй ішіне еурожөндеу жасаттық. Алайда бәрін бітірдік пе деп, енді жиһаз аламыз деп отырған кезде осындай мәселелер пайда болды. Жер астынан су шықты. Алдымен қабырғаларға сызат түсті, бара-бара ол жарыққа айналып, міне енді үйіміз бір жағына қарай құлағалы тұр. Мәселені қалай шешетінімізді білмей дал болдық», – дейді Бибігүл ДӘРМЕШ.
Ал Бейсенбек Ұзақов болса, Алматы облысындағы «Калина Красная» саяжайына осыдан 8 жыл бұрын көшіп келген. Қазған жертөлесін жерасты суы көтерілген соң жауып тастауға мәжбүр болған. Жертөле бер жағы, себебі көршісі Натальяның үйін су басқаны сонша, тұруға мүлдем жарамай қалған. Амал жоқ, басқа жерден үй тұрғызуға мәжбүр болыпты. Бұдан бөлек, бау-бақшасы да жарамсыз болып қалған. Қазір оның орнын қамыс қаптап кетіпті.
«Жер асты сулары көтеріліп, жертөлені басып қалды. Оған лай көшкіні қосылды. Осы маңның тұрғындары жабылып тау шатқалын топырақпен жауып тастадық. Көктемде оның барлығы бізге қарай ағып, ауламызға кіріп, әбігерге түсеміз. Әбден мазамыз қашты», – дейді Наталья МАРКЕЛОВА.
Жерасты сулары әсіресе Аман Бөктер мен Алмалы-3 көшелерінің тұрғындарының ығырын шығарса керек. Бүгінде су басудан бұл екі көшенің 25 үйі зардап шегіп отыр екен. Айтуларынша, биыл бірінші жыл емес, көктем мен күз басталса болды сумен айқасып келе жатқандарына 4 жылға жуықтаған. Бармаған жер, қақпаған есігі қалмапты. Облыс, Талғар ауданы әкімдігі, тіпті ҚР Төтенше жағдайлар комитетіне де жүгінген. Бірақ судан әлі құтылмадық дейді тұрғындар.
«Бір-біріне сілтеп отыра береді. Енді бізге қаржы бөлінді деп жатыр. Жобалаушылар келіп бәрін қарап шықты. Жыл соңына дейін бітіреміз деп уәде берді. Мәселені шұғыл шешпесе, үйіміз биылдан қалмай құлайды», – дейді Татьяна ГРИЩЕНКО.
Талғар ауданы әкімдігінің мамандары зерттеу жұмыстары басталғанын алға тартуда. Арнайы сарапшылар мәселенің себебін анықтап жатыр дейді. Соның қорытындысы шыққан соң, қажетті қаражат бөлінетінін айтты олар.
«Бесағаш ауылдық округіндегі Бурабай, Самал, Калина Красная деген саяжайларындан шағым түсіп жатыр. Жерасты суларының кесірінен құлағалы тұрған үйлердің мәселесін шешуге мемлекеттен бөлінген 37 миллион теңгені «Энерго ресурс» атты мердігер компания ұтып алған. Ол бойынша келісімшарт жасалып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округының бас маманы Абзал МҰСАБАЙ.
Тұрғындар жергілікті биліктің берген уәдесіне сеніп отыр. Тек зерттеу жұмысы толық біткенше жерасты суы деңгейі төмендесе жарар еді дейді олар.
Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы