Суррогат ана «қызметі» арзандап кеткен: елімізде әрбір 7-ші отбасы бала сүюге қауқарсыз

08.02.2019 22:44

Елімізде 14 мыңнан астам ерлі-зайыптының балалы болуға мүмкіндігі жоқ

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бала сүйе алмай отырған отбасылардың жартысына жуығы ұрпақ сүю үшін арнайы технологияның мүмкіндігіне жүгінеді. Яғни, қалтасы көтергендер ЭКО арқылы амалын тауып, сәбилі болады. Бірақ экстракорпоралды ұрықтандыру əдісінің өзі мәселені толық шешпейді. Денсаулығында кінәраты барлардың маңдайына мұндай бақыт жазылмаған. Бір перзенттің зарын көргендер осы тұста суррогат ананың көмегіне жүгінеді. Алайда, бұл іс қазір тиімді бизнеске айналып отыр. Біздегі «құрсақ ана» қызметінің дамығаны сонша, тіпті шетелдіктер біздің елге келіп тапсырыспен балалы болуда алдына жан салмай отыр екен.

Қазір елімізде суррогат ана қызметіне сұраныс қаншалықты көп? Жатырын жалға беріп, бөтен отбасыға бала туып беретін ондай аналардың гонорары қанша? Almaty.tv тілшісі «жалдамалы құрсақ» нарығын зерттеп көрген еді.

Қазір өкінішке қарай, елімізде бедеулік белең алып, әрбір жетінші отбасы бала сүюге қауқарсыз болып отыр. Сондықтан суррогат ананың қызметіне сұраныс өте жоғары.

Егер ерлі-зайыптылар денсаулығындағы кінәратына байланысты сәби сүйе алмаса, әйелдің жұмыртқа жасушасы ЭКО процедурасы арқылы күйеуінің биологиялық материалдарымен ұрықтандырылады. Эмбрион дайын болғанда оны үшінші әйелдің, яғни суррогат ананың жатырына салады. «Құрсақ ана» өзгенің перзентін 9 ай бойы көтеріп, дүниеге әкеледі. Әлбетте, бұл қызметі үшін ақы алады. Жалпы, суррогат аналардың 70 пайызы мұндай қадамға қаржыдан қысылғандықтан барады екен.

«Қаржыдан тарлық көргендіктен, суррогат ана болу туралы шешім қабылдадым. Күйеуімнен ажырасып, баламмен қалдым. Оны мектепке дайындау қажет болды. Оның үстіне, пәтер жалдап тұрамын. Анама масыл болғым келмеді», – дейді суррогат ананың бірі.

Бет-жүзін жасыруды сұраған келіншектің жасы 30-да. Қазір ол құрсағында бір перзентке зар болып, еңірегенде етегі жасқа толған ерлі-зайыптының сәбиін көтеріп жүр. Суррогат ана ішіндегі шақалаққа еш аналық мейірім сезінбейтінін, тек өтеуін алатын жұмыс ретінде қарайтынын ашық айтты.

«Ішімдегі сәбимен сөйлесемін, бірақ оны жүрегіме жақын қабылдамаймын. Өйткені, оның басқалардың баласы екенін білемін ғой», – дейді ол.

Ал Эльвира Алиева осыдан бірер ай бұрын ғана өмірге ұл бала әкелген. Бірақ 9 ай көтеріп, тар құрсағын жарып шыққан сәбиді көрмепті. Есесіне, бөбектің биологиялық ата-анасымен қазірге дейін араласады. Жас келіншек, бала сүю бұйырмаған отбасыға әке-шеше болу бақытын сезіндіріп, игі іс тындырғанына дән риза. Оның үстіне жатырын жалға бергені үшін қомақты қаржы алып, өзі көптен армандаған көлігін сатып алып, қуанышын еселей түскен. Десе де, бұдан кейін суррогат ана болудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

«Бұл қадамға бармас бұрын ұзақ ойландым. Күйеуім мен екі қызым бар. Ұсынысымды жолдасыма айтып едім, ол бастапқыда қарсы болды. «Денсаулығыңды құртасың, сені жоғалтып алуымыз мүмкін» деді. Бірақ бұл бір жағынан қайырымды іс екенін, екінші жағынан материалдық жағдайымызды жақсартатынымызды айтып оны көндірдім. Қазір өкінбейміз. Енді қайтадан суррогат ана болмаймын, енді өзіме ұл тууым керек», – дейді Эльвира АЛИЕВА.

Эльвира сынды әйелдердің көбі мұндай қызметке ақшадан қысылғандықтан келіскенімен, барлығы «құрсақ ана» болып оңай олжаға кенеле алмайды. Елімізде бұл әдіске заңмен рұқсат етілгенімен, қойылатын талабы да қатаң. Жалпы, Қазақстанда суррогат ана қызметі туралы заң 1998 жылы қабылданды. Ал араға бір жыл салып Адам репродукциясы орталығында суррогат ананың көмегімен бірінші сәби дүниеге келді. Демек, аталмыш бағдарламаның тұңғышы бүгінде 20 жаста. Қазір дәрігерлер жатырын жалға беретіндерді қатаң тексеріспен іріктейді.

«Біріншіден, ол әйелдің денсаулығы мінсіз, өте жақсы болуы керек. Екіншіден, өзі туған, дені сау, ең кемі 1 баласы болуы шарт. Өйткені, бала туу оңай шаруа емес. Босану кезінде асқыну тіркеліп, ертең өзі бала көтере алмай қалатын жағдайлар болуы мүмкін. Сол себептен, «құрсақ ананы» қатаң тексерістен соң аламыз», – деп түсіндірді репродуктивтік медицина институтының директоры Тамара ЖҮСІПАӘЛИЕВА.

Ерлі-зайыптылар «құрсақ анамен» келісімшартты нотариус арқылы рәсімдейді. Заң бойынша суррогат ана болуды қалайтын әйел жиырмадан 35 жас аралығында болуы тиіс. Келіншектің азаматтығы маңызды емес, тек некеде тұрса күйеуінің келісімі аса қажет. Мұның барлығы заңда егжей-тегжейлі жазылған. Ал тапсырыс берушілер ЭКО жасау процедурасының, жүктілік кезеңіндегі, босанғандағы және босанғаннан кейін 50 күн ішіндегі шығындардың барлығын өз мойындарына алады.  

«Менің тәжірибемде қызық келісімшарт жасалды. Тапсырыс беруші шетелдік ерлі-зайыптылар суррогат анаға әртүрлі талап қойды. Яғни, келіншек күн сайын классикалық музыка тыңдап, классикалық туындыларды оқып және йогамен айналысуға міндеттелді. Осылайша олар балаларын құрсақта жатқан кезінен бастап дамытуды жоспарлады», – деді нотариус Алтынай МАКЕШЕВА.

Қойылатын талаптардың қатаңдығына қарамастан, елімізде «құрсақ ана» болуға құштар әйелдер өте көп. Ғаламторда мұндай қызмет ұсынғандар мен суррогат ана іздегендердің жарнамасынан көз сүрінеді. Бірі балалы болуды арман етсе, ендігісінің жатырын «жалға» берудегі мақсаты – қомақты гонорар. Қазақстанда суррогаттық ана алғаш пайда болған жылдары тапсырыс берушілер сәби үні үшін 1 немесе 2 бөлмелі пәтерге дейін ақы берген. Қазір өзгенің перзентін көтеріп беруге дайын жүргендердің көптігі сонша, нарықта олардың құны да арзандаған. «Құрсақ ана» 2 млн теңдеген бастап, 5 миллион теңгеге дейін алады. Сондай-ақ, ай сайын 50-мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақы төлеуді сұрайды.

« – Қанша сұрап тұрсыз енді? – 2 млн теңге, айына 70 мың... – Үшем, егіз болса ше? – Егіз болса, үстінен 500 мың теңге төлейді...» Бұл суррогат ананың өз «қызметінің» бағасы туралы айтқаны.

Қалай десек те, суррогат ана үшін «жалдамалы жатыры» тиімді бизнеске айналған. Олардың қызмет құнын кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді. ЭКО арқылы эмбрион салудың өзі оңай ақша емес. Ал бір ұрықтандырғаннан «құрсақ ананың» бойына бала бітеді деген кепілдік те жоқ. Осы тұста қаптаған жарнама арасынан «табиғи жолмен туып беретін суррогат ана іздеп жатырмыз» деген жазбаға көзіміз түсті. Сөйтсек, хабарламаны жасы 50-ге таяған әйел қалдырыпты. Шақалақты аңсаған келіншек кезінде «құрсақ анаға» шығындалып ЭКО да жасатқан. Бірақ талпынысы бекерге кеткен. Енді бір перзент үшін Құдай қосқан қосағын да өзге әйелдің қойнына салып беруге дайын отыр екен.

« – Екі суррогат жалдаймын. Біреуіне эмбрион салып, екіншісі табиғи жолмен көтеріп көреді. Болды, уақытым да жоқ, бала керек. Сондықтан солай шешім қабылдадым.

– Қалай сонда? Сіз сонда ЭКО-ны байқап көрмейсіз бе?

– Табиғи жол деген төсек қатынасы ғой кәдімгі. Енді бәрібір бала керек деп, осындай жағдайда отырмын. Бұл біздің екінші талпынысымыз болмақ. Маған суррогат ана үйде отыратын болуы керек, эмбрион деген оңай нәрсе емес.

– Табиғи жолмен екіқабат болған кезде де сіздің үйде тұру керек пе?

– Иә.

– Шу шығарып жүрмейсіз бе? Табиғи жолмен көтеру бір түрлі сияқты... оның үстіне, күйеуіңізбен бір үйде тұрса...

– Күйеуіммен қазір бір үйде тұрғаныммен, келісім берген әйелмен қалай төсек қатынасы басталады, солай күйеуімді үйден шығарамын, уақытша «времянкада» тұрады...»  

Десе де, заңгерлер мұндай әдістің заңға қайшы екенін айтып отыр.

«Табиғи жолмен туатын болса, ол суррогат ана болып есептелмейді. Ол ерлі-зайыптының дайын генетикалық эмбрионын тек құрсағында көтеріп жүру керек. Ал өзінің ұрығы араласса, ол «құрсақ ана» емес, баланың туған анасы болып саналады. Және бұл бала сату дерегі болып тіркеледі», – деді нотариус қызметкері Алтынай МАКЕШЕВА.

Суррогат аналыққа қатысты қызмет бізде жақсы дамығанымен, көп мемлекеттерде бұған қатаң тыйым салынған. Мәселен, Австрия, Германия, Франция, Норвегия, Швеция және АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» жол жоқ. Сондықтан сәбилі болуға қауқарсыз шетелдіктер біздің елге ағылады екен. Суррогат ананың көмегіне жүгіну үшін елімізге әсіресе Қырғыз Республикасының, Өзбекстан, Тәжікстан және іргелес Ресейдің азаматтары көптеп келеді. Дегенмен, «құрсақ ана» қызметінің 85%-ын өзіміздің отандастарымыз пайдаланады. Алматыдағы бір ғана репродукциялық орталық былтыр бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келген 120 жұпты қабылдапты.

«Ресейдің заңнамасын салыстырсақ, оларда суррогат ана жүктілік кезіндегі бастапқы райынан қайтып, баланы бермей қоюына болады. Сондықтан тапсырыс берушілер 9 ай бойы қорқып, сәбиді сарғая күтеді. «Баламызды бере ме, жоқ па?» деп көңілдері күпті болады. Оның үстіне суррогат аналар бұрынғы келіскен бағасын көтеріп, ерлі-зайыптыны одан ары бопсалайды. Ресейде соңғы шешімді «құрсақ ана» қабылдайды. Егер ол бөбекті өзіне қалдырғысы келсе, заң соның жағында. Ал Қазақстанда суррогат ананың өз ішінеді балаға еш қатысы жоқ және ол босанған соң туған соң бөбекті «тапсырыс берушілерге» беруі тиіс. Шетелдіктердің біздегі бұл қызметке құмартуының себебі осында», – дейді Алтынай МАКЕШЕВА.

Қазақстанда «құрсақ нарығы» қарыштап дамығанымен, бұған шариғатта мүлдем тыйым салынған дейді діндарлар. Олардың айтуынша, тоғыз ай көтеріп, толғатып дүниеге әкелген нәрестені еш еміренбестен өзгенің құшағына салып беру құптарлық іс емес.  

«Бұл шариғатымызда дұрыс емес. Себебі, әйел адамның жатыры алыс-беріске сатып алатын зат емес. Сондықтан бұл шариғатымызда дұрыс болып саналмайды», – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі сараптау секторының меңгерушісі Медет ҚҰРМАШҰЛЫ.

Дегенмен, балалы бола алмай жүрген көптеген отбасы үшін суррогат ана – жалғыз үміт. Қазір өкінішке қарай, елімізде 14 мыңнан астам ерлі-зайыптының сәби сүюге мүмкіндігі жоқ екен. Сондықтан, психологтар «құрсақ ана» қызметінің болғаны дұрыс дейді. Сол арқылы ұрпағы жоқ әулеттер бақытқа бөленіп, ең бастысы, ажырасудан аман қалады екен.

«Туа алмайтын әйелдер қазіргі кезде көп болып кетті. Жылап-қиналып, «Мен туа алмадым» дегендей өз-өзін кінәлап келетін әйелдер көп. Сол себептен, суррогат ана жалдау дұрыс деп ойлаймын. Балаға зар болғандар бала сүйіп, отбасын ажырасудан сақтайды», – дейді психолог Жанат БІРЖАНОВА.  

Ажырасу демекші, қазір келіншектердің 30 пайызы суррогат ана болғаны үшін ақы алмайды екен. Олар сәби сүйе алмаған туған-туыстарын ажырасудан сақтау үшін өз еріктерімен суррогат ана болған.

Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы