Алматыда халық жазушысы Шерхан Мұртазаға арналып тақтайша орнатылды

07.10.2019 17:16

Жазушы былтыр қазан айында 86 жасында дүниеден озған болатын

Мемориал Төлебаев пен Қазыбек би көшелерінің қиылысындағы өзі тұрған үйге қойылды. Шараға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, еліміздің белгілі жазушылары және Шерағаның көзін көрген шәкірттері келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алғаш болып сөз сөйлеген қала басшысы мұндай арда азаматтарды ұлықтау ауқымды түрде жүргізілуі керектігін жеткізді. Халқымыздың сүйікті перзенттерінің есімдері мәңгі сақталып, ұлықталуы үшін барлығын жасаймыз деді әкім.

«Шерхан ағамыз - елдің азаматы. Артында ұрпағынан басқа не қалды? Айтқан сөзі, жазған кітабы қалды. Ол кісі өзін ойлаған жоқ, тек қана елім деп өтті. Сол себепті осындай ізгі шараның басында жүргенімізге қуаныштымын», –  деді Алматы қаласының әкімі  Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Шерағаның шекпенінен шыққан шәкірттері осы үйге келіп, ақылын тыңдап, кеңесін алып қайтатынбыз дейді. Қазақ журналистикасы мен әдебиетінде толайым орны бар тұлға, ұлттың мүддесін әрдайым жоғары қоятын еді деп еске алды еліміздің парламент сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.    

«Қалың жұртшылық осы Шерағаң мұраларын, Шерағаң артында қалған еңбектерін зерделеу үшін де жиналды деп есептеймін. Сондықтан да халқымыздың жадында Шерхан Мұртазаның есімі ұлт жанашыры ұлттың қамқоршысы, ұлттың шырақшысы ретінде қалды. Және біз солай ардақтау керекпіз деп ойламын», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Нұртөре ЖҮСІП.