Әуезов аудандық «Бақытты отбасы» орталығы жарты жыл ішінде атқарған жұмысы сараланды

almaty.tv
almaty.tv
Орталық басшылары басты мақсат аналарға тек қаржылай көмек көрсету емес, өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік жасау
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отбасы күніне орай Әуезов аудандық «Бақытты отбасы» орталығы баспасөз мәслихатын өткізді. Шара барысында орталықтың жарты жыл ішінде атқарған жұмыстары сараланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұнда 2800 көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы аналары тіркелген. Оларға психолог пен заңгер кеңесі, ағылшын тілі сабақтары, шахмат, қолөнер сынды 20-дан астам курс түрлері өткізіледі. Сондай-ақ, орталық аналарға өз кәсібін бастауда жол сілтеп, тәжірибелік көмек көрсетеді.  Мәселен, жыл басынан бері алты көпбалалы ана өз кәсібін ашқан. Ал аудан әкімінің қолдауымен оларға қолөнер туындылары мен пісірген тәттілерін сату үшін  Сарыарқа, Тигрохауд, Арыстан базарларынан арнайы орын бөлінген. Орталық басшылары басты мақсат аналарға тек қаржылай көмек көрсету емес, өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік жасау дейді.

«Біз қазір аналарымызға тек қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, табыс табуға үйретіп жатырмыз. Алдағы уақытта бірнеше агенттік ашу жоспарда бар. Тазалау қызметі, тігін өнері, кулинария салалары бойынша серіктестер тауып, жұмыстарды бастап та кеттік. «Бақытты отбасының» болашағы зор деп нақты сеніммен айта аламын және де сол бағытта аянбай жұмыс істеп жатырмыз», – деді «Асыл жүрек» қоғамдық қорының құрылтайшысы Сәуле Бекетаева.

Ал көпбалалы аналар орталықтың көрсетіп жатқан қолдау-көмегіне ризашылығын білдіруде. Олар қолдарынан келгенінше барлық мүмкіндікті пайдаланып, өздерін дамытып жатыр. Кәсіпкерлер қолдау көрсетсе, барлық аналардың жағдайы оңалар еді дейді олар.

«Бақытты отбасы» орталығында көптеген дүние аналарға жасалып жатыр. Ол көпбалалы болсын, аз қамтылған болсын, мүмкіндігі шетеулі бала асырап отырған ана болсын немесе жалғыз басты ана болсын, қай қоғамға жататын ана біздің орталыққа көмек сұрап келеді. Сол аналардың барлығына көмек қолы созылып жатыр. Бұндай орталықтар көпбалалы аналарға өте керек. Осындай орталықтар көбейіп, оған кәсіпкерлер қолдау жасаса, барлық аналардың жағдайы қалыпқа түсер еді», – деді көпбалалы ана Назым Смағұлова.

Новости партнеров