Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осы дүбірлі мерекенің шымылдығын Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы ашты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Рухани шараның басты мақсаты – сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығын, бай мұрасын насихаттау. Айта кетейік, әдеби-сазды кештің басты жауһары – Жамбыл киген шапан, ұстаған домбыра мен ақынға берілген наградалар. Мәдени шараның соңы Жамбылдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелге жалғасты.
«Биыл түркі әлемі бойынша «Жамбыл жылы» деп жарияланды. Сондай-ақ, мен өзім қызмет істейтін ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығы бүкіл ЮНЕСКО бойынша әлемде бірнеше шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Жамбыл жылы жаңадан басталды. Бұл жыл – ақын тойы, жыр тойы, үлкен мереке. Оған бәріміз де атсалысуымыз керек», – деді ҚР Мәдениет қайраткері Нағашбек Қапалбекұлы.