|
16.02.2021 | 18:47
3242

Нұр-Сұлтанда жалдамалы пәтерге қоныстанған тұрғындар шу шығарды

12 жыл бойы күткен пәтерінің сапасы сын көтермейді

Нұр-Сұлтанда жалдамалы пәтерге қоныстанған тұрғындар шу шығарды Almaty.tv

Нұр-Сұлтанда  жалдамалы пәтерге қоныстанған тұрғындар шу шығарды. Олардың сөзінше, жылдар бойы кезекте тұрып күткен үйлері сапасыз болып шыққан.  Құрылысы толық аяқталмаған үйді жергілікті әкімдік қалай қабылдағанын түсінбей дал. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай біліп қайтты.

Қала тұрғыны Гүлмира Ахметова қаңтар айында жалғыз басты ана ретінде мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілетін үй алып қуанған. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Сөзінше, 12 жыл бойы күткен пәтерінің сапасы сын көтермейді.

«Бірінші келгенде шошып кеттік. 12 жыл осылай кезекте тұрып, мен мұндай үй аламын деп ойлағанда жоқпын. Міне, әлі жүрмін. Мен жалғызбасты анамын. Маған кім көмектеседі? Күйеуім жоқ, бір жалақы. Балам кәмелет жасқа толған жоқ. Бір көмек жоқ, әкімдіктен келіп айттым. Апта соңына дейін мыналарды кетіреміз деген. Әлі істеген жоқ», – деді қала тұрғыны Гүлмира Ахметова.

Ал сапасыз салынған құрылыстың бір дәлелі мына жеделсаты. Тұрғындардың қолданып жүргеніне бір ай ғана болса да, едені сынып жатыр. Халық барынан-жоғы дейді. Өйткені  бұл жедел саты үнемі істен шығып, әбден жүйкелерін жұқартып болыпты.

Тұрғындардың айтуынша, бұл үйде зейнеткерлер, мүгедек жандар көп тұрады. Сондықтан үйді толық бітіріп беру керек еді. Себебі жеделсатының дұрыс істемеуі, үй ішінің суық болуы жандарына батып отыр.

«Бұл енді жалға алынған үй ғой. Бізде әйнектер, терезелер... Мұз қатады. Жел болғанда, үйдің ішінде тура ысқырып тұрады. Қатты суық болған кезде тереземіздің барлығы мұздап қалады. Біз бұған ақша төлейміз», – деді қала тұрғыны Болатбек Ермұханов.

Тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер компанияның қызметкері Русланбек Капанов бұл үйді салған 3-компаниямыз дейді.  Оның сөзінше, бұл үй 12 жылдан бері салынып келе жатқан көрінеді.

«Айтылған барлық мәселелерді білеміз. Жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Жеделсатының жұмыс істемей қалатын себебі әзірше толық тексерілістен өтпегендіктен, адамдарға қаупі жоғары. Тұрғындар заттарымызды кіргізіп алайық деген соң уақытша жұмыс істеп тұр», – деді мердігер компания өкілі Русланбек Қапанов.

Тұрғындар мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, осы үйді жалға алғандарына риза екенін айтады. Тек бұл пәтерлердің құрылысын жасаған мердігер компанияға және оны қабылдап алған әкімдікке наразы. Ал, жауаптылар бұл үй эконом класс, сондықтан да орташа деңгейде салынған дейді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир