Жамбыл облысында «Алдаспан-2020» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өз мәресіне жетті

26.09.2020 03:30

2,5 мың әскери қызметкер қатысқан

Almaty.tv

Жамбыл облысында 2,5 мың әскери қызметкер қатысқан «Алдаспан-2020» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы аяқталды. «Мәтібұлақ» полигонында өткен командалық-штабтық ойындарға  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамалары мен бөлімдері, десанттық-шабуылдаушы әскерлері, әуе және құрлық күштері тартылды. Толығырақ  Almaty.tv тілшісінің материалында.

Оқу-жаттығу кезінде заманауи қару-жарақ пен жауынгерлік техникалар тағы бір мәрте сынақтан өтті. Шартты ұрыс аймағында арнайы барлау және қарумен атыс кешендері құрылған. Осылайша жауды дер кезінде анықтап, оған кенеттен тойтарыс беру тәсілдері жан-жақты пысықталды. Әскерилер үшін осындай шынайы ұрыс алаңдарында тәжірибесін шыңдау аса маңызды.

«Менің міндетім –  минометтен атылған оқты нысанаға дәл тигізу. Теориялық тұрғыдан біз командиріміздің басшылығымен барлық сәттерді пысықтап отырдық. Бірақ ұрыс аймақтарында әрекет ету әлдеқайда қиын екен. Мұнда бәрі шынайы өтті. Әрине, осындай ортада шапшаң қимылдау оңай емес. Бірақ бұл жаттығулардың бізге пайдасы зор», – дейді мерзімді қызметтегі әскери Денис Макарушка.

Кезкелген ұрыс кезінде қарсыластың орналасқан жерін анықтап, оған кенеттен соққы беру өте маңызды. Осы мақсатта әскери оқу-жаттығулар кезінде екі барлау тобы жасақталды. Біріншісі пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен ақпарат жинап, оны онлайн форматта жіберіп отырса, екінші команда осы ақпаратты талдап, шешуші шабуылға дайындалған.

«Алдаспан» оқу-жаттығуы мен үшін алғашқы және үлкен тәжірибе болып отыр. Әскери бөлімде өткізген уақытымыз бекер болған жоқ деп толығымен айта аламын. Тек тұрақты жаттығулардың арқасында ғана біз тапсырмаларды толығымен орындап шықтық. Оқу-жаттығу кезінде алған біліміміз маңызды екенін түсіндім», – дейді мерзімді қызметтегі әскери Ерболат Сабыр.

Одан өзге, құрлық және әуе әскерлерінің етене әрекет ету қимылдары да пысықталды. Жаттығу мақсаттарының бірі де сол –  барлық күштерді бір мақсат төңірегінде жұмылдыру. Оған қатысқан әскерилер тыңғылықты дайындалса керек. Қарамағындағылардың әрекетін мұқият бақылаған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жаттығуға оң баға берді.  

Сымбат Ноғай, «Алматы» арнасы