Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы қашан басталады

08.08.2024 22:45

Оның мақсаты - аграрлық сектордың дамуына болжам жасау

elements.envato.com

Енді қорадағы мал мен құс, егістік алқап пен қажетті техниканың бәрі есепке алынады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нақтырақ айтсақ, келер жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы жүреді. Бірақ оған дейін әр өңірде аталғанның бәрі пилоттық негізде тізімделеді. Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары биылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында есеп тапсырады. Алғашқылардың бірі болып Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев ауылдық округі таңдалыпты. Сондай-ақ Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов елдімекені де санаққа қатысады. 

Айта кетейік, жұмыс жалпы үш кезеңнен тұрады. Ал мұндағы басты мақсат - аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу.

«Бірінші кезеңде әрбір үй шаруашылығындағы малдың, егістік жерін және де 2025 жылы ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтетіні жөнінде мағлұматтарды береміз. Екінші кезеңде осы бағдарламалардың планшеттік құрылғыдағы жан-жақты ұйымдастырылу жұмыстарын саралау үшін жүргіземіз», - деді Статистика департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Иманбаева.

Санақ келер жылдың тамызында интернет желісі арқылы онлайн режимде, ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында елдімекендерді аралау арқылы өтеді. Негізгі кезеңде Sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты пайдаланылмақ. Ал Қазақстанда осыған дейін ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет, 2006-2007 жылы өткізіліпті.

Еске салайық, санақ объектілеріне жер және егістік алқабы, жануарлар мен құстардың саны, ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтары, сондай-ақ малшаруашылығы кешендері, құс фабрикалары, өндірістік ғимараттар, әрі жануарлар мен құстарды ұстауға арналған үй-жай кіреді.