Пандемия жағдайында сан салада көптеген өзгерістердің орын алғанына қарамастан, еліміз бұл қиындықтарды төзімділікпен еңсере білді. Әсіресе, құқық қорғау мамандары сын сағатта қызметін абыроймен атқарды. 2020 жылы батылдығымен көзге түскен полиция қызметкерлері жайында Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке айтып берсін.
Осыдан тура бір ай бұрын Түрксіб ауданында өтқа оранған жеке тұрғын үйден 7 адам құтқарылды. Сол маңнан түтін шығып жатқанын байқаған жергілікті учаскелік полицейлер ойланбастан лапылдаған үйге қойып кетіп, төрт бала мен қарт әжейді аман-есен сыртқа шығарып үлгереді.
«Примерно в 10 часов утра случился пожар. Наша семья вся спала. Получается мы проснулись оттого что нас разбудили полицейские, которые проезжали просто мимо», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Әнуар Юсупов.
«Ойым тек қана сол адамдарды құтқарып шығу болды. Ол үйде адамдар ұйықтап жатқан шығар мүмкін немесе отты көріп, шошынып далаға шыға алмай жатқан шығар деген ой болды. Сонымен әріптесім екеуіміз үйіне терезесін сындырып кірдік. Атылып кете ме, газ баллон бар ма деп, сондай бір ой болды», – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жайнат Молдағали.
Тағы бір оқиға орын алған күн, желтоқсанның 13-і еді. Жексенбіде балаларымен, немерелерімен серуенге шығуды жоспарлап қойған зейнет жасындағы қарт ана тарс-тұрс еткен дыбыстан бір үреймен оянғанын айтады.
«Жаман бір дыбыстар естілді қақпа жақтан. Біреу есікті қатты қағып жатыр. Неге бұлар звонокты баспады екен десем, апау-апау деген дауыс естілді. Есікті ашып жіберсем, түтін, төбеден қолыма от түсті, қолымды күйдіріп алдым», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Ғалия Тоқтарбаева.
Сөйтсе, ауладағы монша лапылдап жатыр екен. Осы салада қызмет етіп жүргеніне 5 жылдай болған Самат Дүйсенханұлы өрттің үйге қарай ығысқанын көре сала, үй ішіндегілерді тездетіп шығарып алуға асыққанын айтады.
«Меніңше, әр қызметкердің бұл міндеті. Адам құтқару біздің жұмыс деп ойлаймын. Иә, әрине, әке-шешеміз мақтанады. Интернет желісіне шығып кетті. Соны көріп, туысқандар звандап жатыр, әке-шешеме звандап», – деді Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы Самат Нұров.
Ал жетпістің желкенін керген әжейдің бүкіл отбасы мүшелерін құтқарып қалған тәртіп сақшыларына деген алғысы ерек, ықыласы бөлек.
«Көздері мөлдіреген немерелерім бар, келінім, бала-шағам, осылардың бәрін құтқарған, біздің өмірімізді құтқарған осы екі жігітке көп рахмет айтқым келеді. Рахмет, балапандарым. Аман болыңыздар, бақытты болыңыздар», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Ғалия Тоқтарбаева.
«Я очень благодарна, если бы не они, мы, скорее всего, сгорели бы там дотла всей семьей. Они молодцы, что проезжали и увидели задымление. То есть они не проехали мимо, они остановились и помогли нам. За это им очень большое спасибо!»– деді Түрксіб ауданының тұрғыны Юлия Боровская.
Тәртіп сақшыларының айбынды ерлігі мұнымен шектелмейді. Тіпті, Whatsapp хабараламасы арқылы суицидтің алдын алған кездері болды. Былтыр, қыркүйек айында өз-өзіне қол жұмсамақ болған жасөспірімнің өмірін арашалап қалды. Сәтбаев пен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан көпірден секірмек болып, өмірімен қош айтысқалы тұрған бойжеткенді Бостандық ауданының жол-патрульдік полиция экипажы жұбатып, сабырға шақырып, ажалдың бетін қайтарған.
Тәртіп сақшыларының пандемия жағдайында атқарған еңбегі өз алдына бір төбе. Карантин кезінде коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында қала халқының қауіпсіздігін бақылап, елдегі тәртіптің бұзылмауын қатаң қадағалап отырды. Елге қызмет ететін осындай адал құқық қорғаушылар полиция абыройын асқақтатып, мерейін асырып келеді.
Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы