Отағасы тілге келместен ауруханада қайтыс болды
Атырау облысында жойқын жарылыстан зардап шеккен отбасының тағы бір мүшесі көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқыс оқиға қала іргесіндегі Көкарна ауылындағы жеке тұрғын үй секторында болған. Қайғылы жағдайдан бүтіндей бір отбасы зардап шекті. Отағасы тілге келместен ауруханада қайтыс болды. Ал бүгін әйелі жансақтау бөлімінде көз жұмды. Үйдің келіні, 2002 жылы туған келіншек 2 баласымен облыстық ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың да жағдайы ауыр.
– Балалар тыныс алу аппаратына қосылды. Осы бағытта ем жалғасып жатыр, – деді облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ержан Есболаев.
Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газ ауа қоспасының дүмпуінен болған. Қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Десе де, төтеншеліктер қайғылы жағдай болмай тұрып, дәл осы үйге түсіндірме жұмысын жүргізіп, қауіпсіздік ережесін түсіндірген.
– Тұрғын үй секторында өрттің алдын алу үшін тұрғындарға ток көздерін шамадан тыс пайдаланбау керек. Соның ішінде ақауы бар электр құрылғыларын мүлдем пайдалануға тыйым салынады. Екіншіден, жылыту маусымында мұржаларды үш айда бір рет тексеру маңызды. Апта сайын бос қызметкерлер рейд жасайды. Түсіндіру жұмысы жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасады, – деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Берденов.
Апат айтып келмейді. Сондықтан төтеншеліктер тұрғын үйлерді аралап, сақтық шараларын күшейтті. Шаһарда өткен жылы 152 өрт оқиғасы тіркелген. 4 адам көз жұмып, тағы біреуі жарақат алған.
Гүлмарал Изатқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» теларнасы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Таразда қарсы бетке шыққан автобус 10 көлікті соғып кетті