Кәсіпкерлердің 70 пайызға жуығы табысын жасырып отыр

07.03.2024 22:41

Ержан Біржанов ірі компанияларға салықты көбірек салу көзделгенін жеткізді

Almaty.tv

Қазақстанда кәсіпкерлердің 70 пайызға жуығы табысын жасырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Былтырғы бірінші жартыжылдық есеп бойынша, елде 1 миллион 400 мың жеке кәсіпкер болса, соның 944 мыңы нөлдік көрсеткіш көрсеткен. Яғни айналымда ақша жоқ деп есеп берген. Ал қалған 30 пайыз бизнес иесі заңды түрде салық төлеп жатыр екен.

– Ұлттық банктің дерегіне жүгінсек, барлық төлем банк картасы арқылы өткен. Мәселен, бәріңіз дүкеннен тауар сатып аласыздар. Олардың айналымы бір жылдың ішінде 55 трлн теңге болды. Ал мобильді аударымдардың сомасы 80 трлн теңгені құраған, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Демек, төлемдердің бір бөлігі салық алаңында болмағанын, төленбегенін байқатып отыр. Ал осының салдарынан жергілікті жердегі бюджетке салмақ түседі. Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі бойынша қарапайым халыққа емес, ірі компанияларға салықты көбірек салу көзделгенін жеткізді.

– Екінші деңгейлі банктерді қарастырып жатырмыз. Себебі банктер жағынан салық түcімі төмен. 21 банк тек 600 млрд теңге төлеп отыр. Қаржы министрлігі банк саласына салықты ұлғайтуды ұсынды. Біз өз тарапымыздан қарастырып жатырмыз. Бұл – әлі ұсыныс, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылды