Солтүстік Қазақстан облысында жол опырылып түсті

26.09.2019 22:46

Ал, жолды жөндеуге биыл 37 миллиард теңге бөлінген

Солтүстік Қазақстан облысында құны 400 миллион теңгені құраған жол аумағы бір жылға шыдас бермей опырылып түсті. Олқылықты арнайы бақылау тобы анықтаған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте аталған мониторинг тобының мүшесі Омари Харбедия мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеу мен ұстауға биыл 37 миллиард теңге бөлінген. Алайда, арнайы құрылған бақылау тобы «Сапалы жол» жобасының аясында көптеген олқылықтарды анықтауда. Топ мүшелерінің айтуынша, кей аумақтарда асфальт жабындысы атымен жоқ. Шала-шарпы төселгендері жетерлік. Мәселен, 13 шақырым болатын «Ташкентка-Барнеевка-Долматова» тасжолы. Құрылысына 400 миллион теңге құйылған жолдағы аумақ бір жылға жетпей аянышты күйге ұшыраған.

«Бұл асфальт бір жылға жетпей отырып, опырылып қалды. Визуалды тексерістен кейін ұлттық жол активтері сапасы орталығы алдын ала қорытынды шығарды. Соған сәйкес тасжолдың жоғары қабаттағы төсендісі барлық жобалық талаптарға сай жүргізілген деп тұр. Ал шын мәнінде ол жер асфальт төсеуге дайын болмаған. Десе де, соған қарамастан жұмыстар жүргізілген», - дейді Солтүстік Қазақстан облысындағы арнайы бақылау тобының мүшесі Омари ХАРБЕДИЯ.

Мәселені жіті талдау үшін асфальт сынамасы алынған. Ал анықталған бұзушылыққа қатысты актілер құрылды. Материалдардың барлығы мердігерге жолданған. Себебі аталған жол 2020 жылдың қазанына дейін кепілді қызмет көрсетуге жатқызылыпты. Бақылау тобының мүшесі Омари Харбедия «Адал жол» іс-шарасы туралы да айтып берді. Аталған акция алып-сатарларға тосқауыл қоюға бағытталған. Оның аясында  Петропавл қаласындағы теміржол бекетінде бірқатар алып-сатар анықталыпты.  

«Біздің құпия сатып алушымыз кассаға ресми түрде хабарласқанда билет жоқ деп айтты. Ал анықталған тұлғалардан кез келген бағытқа билетті сатып алуға болатыны мәлім болды. Бірақ үстінен 5 мың теңге қосу қажет. Тағы бір мониторинг жүргіздіп, Қызылордаға дейін билетсіз жетуге тырыстық. 6-вагонның жолсерігі келісіп, бізден 8 мың теңге алды. Бұдан соң жақын стансада арнайы бақылау мүшелері жолсерікке және поез басшысына аталған фактіге қатысты сауалдарын қойды. Алайда жолсеріктен жауап болмады. Ал басшысы аталған жағдай бойынша тексеріс жүргізетінін жеткізді», - деді Солтүстік Қазақстан облысындағы арнайы бақылау тобының мүшесі Омари ХАРБЕДИЯ.  

Осы фактілерді алға тартып арнайы топ көліктік бақылау инспекциясына тасымалдаушыларға деген бақылауды күшейтуді ұсынды. Ал Петропавл стансасында алып-сатарлардың жолын кесу үшін полицейлер рейдтердің санын көбейту керек деген ойда. Бұдан бөлек, мамандар Петропавл теміржолының жетекшілеріне кассаларға және бағаны жасанды түрде өсіретін схемаға қатысы бар тұлғаларға бақылауды күшейту керек дегенді алға тартты.