Т.Рақымбеков штабы ауылшаруашылығы саласы мамандарының жалақысын көтеру мәселесін қозғады

29.05.2019 22:46

Ауыл шаруашылығы саласының мамандары ең төменгі жалақы алады. Соның салдарынан қазір бәрі қалаларға ағылып жатыр. Егер осы мәселені шұғыл қолға алмасақ, елді-мекендер қаңырап бос қалуы мүмкін. Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбеков көтерген осы мәселе бүгін Ақтөбеде кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуынша, ауылдарда қосымша жұмыс орындарын ашып, қарапайым жұмысшылардың жағдайын көтеру керек. Әйтпесе, бұның арты елдімекендер тіршілігіне, одан кейін, жалпы ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Үміткердің сенімді өкілдері Ақтөбе тұрғындарымен кездесу барысында осы мәселені жан-жақты талқылады.

«Мұндағы негізгі мәселе – ауылдың экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеру, ауылды индустрияландыру. Сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, жастарға жұмыс тауып беру керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің мақсатымыз ауыл мен қала арасындағы экономикалық ықпалдастықты жақындату болып табылады», – дейді үміткер Төлеутай Рақымбековтың сенімді әкілі Ғалым Мүсіров.

Ауыл шаруашылығында бір жұмыс орны ашылса, соған қатысы қалалардың бәрінде қосымша 7-8 жұмыс орны пайда болады. Сондықтан, Төлеутай Рақымбеков бағдарламасындағы ауыл мен қала арасын жақындату мәселесі өте орынды деді жиналғандар.

«Ауыл – қаймағы бұзылмаған қазақтардың ордасы.  Бірақ, қазір сол әлсіреп барады. Ауылдың экономикасын көтеру керек. Экономика көтерілсе, адамдардың руханиятты ойлауға мүмкіндігі болады. Сондықтан, ауылдың экономикасы көтерілсе, барлығы дұрыс болады деп ойлаймын», – деді ауыл тұрғыны Жомарт БАЙМҰХАН.