Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері қызылшадан 13 бала көз жұмған

18.10.2019 21:20

Олардың 6-ы - екпе жасына дейінгі балғындар. Қалған 7-і - даун синдромы

Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Қызылшадан қайтыс болғандар екпе жасына жетпеген балғындар мен вакцина алуға медициналық қарсы көрсетілімі бар жеткіншектер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Олардың 6-ы - екпе жасына дейінгі балғындар. Қалған 7-і - даун синдромы, аутизм, сал ауруына шалдыққан балалар. Бұл жеткіншектерге медициналық көрсетілімдер бойынша екпе салуға тыйым салынған. Өкініштісі, көз жұмған бұл балғындар сау балаларына қызылшаға екпе салдырғысы келмейтін ата-аналардың құрбаны болуда. Себебі ұжымдық иммунитет деген бар. Егер біз халықтың 95 пайызын вакцинацияласақ, аталған топтағы, яғни екпе алуға болмайтын балаларды қорғап қаламыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Садуақас БАЙҒАБЫЛОВ.

Сәдуақас Байғабылов елорда тұрғындары арасында иммундық қабаттың төмендегенін жеткізді. Себебі баласына екпе салдырғысы келмейтін ата-аналар қатары артып келеді. Салдарынан вирус белсенді түрде тарауда. Түйткілді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі екпе алмаған бүлдіршіндерді балабақшаға қабылдамауды ұсынған.