Соңғы жылдары ажырасуды тығырықтан шығудың жолы санағандар көбейген. 2022 жылы 128 мыңнан аса неке қиылғанымен, 17 мың 713 шаңырақ шайқалған. Мұндай деректерімен біздің ел әлемдік антирейтингте 2-орынға шықты. Мың адамға шаққандағы көрсеткішпен бізден озған Мальдив Республикасы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құндылық құнсызданды ма, қоғам әлсіреді ме, әйтеуір егессе, екі жолға түсетіндердің көбі 35 жасқа дейінгілер екен. Бұл жағдайды болдырмау үшін Соттың өзі «Отбасылық сот» деп арнайы жоба бастаған еді.
«Статистикам бойынша, былтыр 1300 отбасы жүгінді. Соның 80 пайызы қайта татуласты. Бұл жерде енді медиация дегеніміз – психология. Оларға біздің менталитет бойынша қазақи әдет-ғұрыпты сақтай отырып, оларды келісімге келтіреміз», – деді жанұялық медиатор Гүлнар Серікбол.
Әлеуметтік зерттеуге иек артсақ, шаңырақтың шайқалуына көп жағдайда екі адамның мінез келіспеушілігі себеп болады. Одан кейінгі ретте материалдық жетіспеушілік, араға түскен адамдар бар. Мұндайда бір кездері бір ауылды уыздай ұйытатын ақсақалды іздейсің. Бірақ жасы алпыстан асқанда ажырасам дейтіндер де елде аз емес көрінеді.
«Олар енді көбінесе ішімдік қолданған. Соны әлі қоя алмайды, 70 пайызы сол ішімдіктің әсерінен ажырасып жатыр», – деді Гүлнар Серікбол.
Ата-ана сиырдың бүйрегіндей бөлек кеткен қоғамда жартылай жетім бала көбейіп келеді. Зерттеуге сүйенейік: екіге кеткен ерлі-зайыптылардың арасындағы бала 90 пайыз жағдайда анасымен қалады екен. Жаймашуақ жай күндерде «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейміз. Ал әкенің қату қабағын көрмеген ұл келешекте қандай азамат боп өседі? Мұндай қыз қылығын кімге көрсетеді? Ел ағалары осыған алаңдайды.
«Балалардың көбіне ыңғайына қарап, материалдық жағдайын жасап береміз. Соған үйреніп алған балалар отау құрып шыққаннан кейін, ештеңе жасай алмай, боркемік боп қалды. Мұның кінәсін мен осында деп ойлаймын. Бұрын махаббат болушы еді. Қазір махаббат та жоқ қой. Махаббатқа құлдықтың қамытын кигізіп, ақшаның қолын сүйгізіп, бардың қолжаулығы, жоқтың қолүзігі етіп қойды. Ал махаббат пен мейірім болмаған жерде шаңырақ болмайды», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
«Жетімдікті ұлттың ағзасына түскен жегі» санаған қазақ ажырасуды болдырмау үшін ар сотын, дала сотын ұстанды. Үлкеннің сөзіне тоқтаған ұл, ұрпағына ақыл айта алған ақсақалы болды. Бұл тұста біз дәстүрдің дінмен де тығыз байланысқанын байқаймыз.
«Халықтың арасында «ажырасу керек болса, үш рет талақ айту керек» деген сөз кең тарап кеткен. Өте ауыр күнә. Бұрынғы ата-бабаларымыздың отбасы институты, жеңгелер институты, ақсақалдар институты жұмыс істемей жатыр. Ер кісі немесе әйел кісі балиғат жасына жеткенге дейін, үйленем міне дегенге дейін ер әйелдің, әйел ердің психологиясын үйреніп, отбасында қандай жағдайлар болады, соны алдын-ала үйрену керек. Қазір еш жерде ол оқытылмайды, тіпті үйде айтылмайды», – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Елібек Тасболатұлы.
«Ата-анамыздың қабағына қарайтынбыз. Олардың айтқанын тыңдайтынбыз. Қазір керісінше, ата-ана баланың қабағына қарайтын болды. Жаңа айтып отырмын ғой, отыз рулы елдің шаңырағын ортасына түсіргендей, ажырасу деген сұмдық дүние болатын. Қазір «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды. Мейлі, кел. Мен сені олай қорлатып қоймаймын» деген сөз жаман», – деді Бекжан Тұрыс.
Қазақы танымда жетімнің бәрі кемеңгер, жесірдің бәрі әмеңгер еді. Ажырасу ұғымы болмаған түбіміз бар, ал қазіргі тәрбиенің тізгіні неге бос? Кінәлі кім, кінәрат неде? Отбасылық институтымыз қайда? Санада тек сансыз сауал ғана...
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы