Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Мәскеудегі музейде Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығы уақытша сақтауға қойылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық музейде уақытша сақтауда тұр. 2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, музей және мұрағат зерттеулері кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100 пайыз тиесілі екені, ал Кенесары ханның бас сүйегі жөніндегі сәйкестік 90%-дан жоғары екені айтылды», – деді Б. Смағұл Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда депутат Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуді сұрады.
«Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық музейге тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз», – деді Бақытбек Смағұл.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2015 жылы ғалым Хангелді Әбжанов Кенесарының бас сүйегін Омбыдан іздеу керек екенін айтқан еді.
Сонымен қатар ғалым Зиябек Қабұлдинов Омбының музейінде Кенесары ханның мылтығы сақтауға қойылғанын айта келе, осы тарихи жәдігерді елге қайтару мәселесін көтерген еді.
Санкт-Петербургте Кенесары ханның кісесі сақталғаны анықталды.