Омыртқасына ота жасалған: қару ұрлады деп қамалған жігіт көмекке мұқтаж

02.03.2022 01:08

Күдіктінің Алматыдағы тергеу изоляторында жатқанына 1 айға жуық уақыт өтті

Almaty.tv

Жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған азаматтың ата-анасы баласының денсаулығына алаңдаулы. Олардың айтуынша, қамаудағы ұлына кезінде күрделі ота жасалған екен. Сондықтан ол медициналық көмекке мұқтаж дейді әкесі. Күдіктінің Алматыдағы тергеу изоляторында жатқанына 1 айға жуық уақыт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Тергеуге алынған алматылық азамат «қару ұрлады және тасыды» деген күдікпен тергеу изоляторына қамалған. Оның айтуынша, дүрбелең кезінде қала ішінде жолаушы тасып ақша таппақ болыпты. Жол ортасында бейтаныс адамдар оны тоқтатып, қару дүкенін тонауға ертіп әкеткен көрінеді.

«Шамамен 8 адам мені тоқтатып «Бізге қосыл немесе бізді айтқан жерге апар» деп талап қойды. Содан біз қару-жарақ дүкеніне барып, олар көліктің жүк салғышына 2 атыс құралын тиеді. Ал 2 қаруды ішке салды. Кейін ұрланған заттарды толық алып кетпеді, 2 қару менде қалды. Оларды өзімде ұстадым», - дейді күдікті.

Белгілі болғандай, күдікті 2013 жылы жол апатына түсіп, содан омыртқасына күрделі ота жасалыпты. Әкесінің айтуынша, зақым келген жеріне арнайы пластина орнатқан. Сондықтан ұлының дәрігерлердің бақылауында болуы керек екенін алға тартып, құқық қорғау органдарына талабын қойды.

«Мекеме басшылығына ұлыма ем-дом қажет екенін айттым. Олар келісіп, МРТ-ге түсіруге жіберді. Енді оны тым болмаса осы жерде емдесін деп өтініш жазбақ ойым бар», - дейді күдіктінің әкесі Асқар Дигенбаев.

Денсаулығында кінәраты бар күдікті ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем-домын алған екен. ЛА-155/18 мекемесі бастығының сөзінше, тергеу изоляторында жатқандардың денсаулығын бақылауда ұстау – негізгі тапсырмалардың бірі. Сондықтан оларға тиісті жағдай жасалған дейді.

«70-ке жуық адам жарақатпен жеткізілді, көпшілігіне алғашқы күннен-ақ дереу медициналық көмек көрсетілді. Одан бөлек, ауруханаға жатқызылғандар да бар. Қазір 3 адам амбулаторлық ем алып жатыр», - деді ЛА-155/18 мекемесінің бастығы Әсет Жұмадиев.

Бас прокуратураның соңғы мәліметінше, тергеу-жедел топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істі тергеп жатыр. 737 күдікті тергеу изоляторына қамауға алынған. Одан бөлек, прокуратура органдарына тергеудің заңсыз әдістері мен азаптауды қолдану туралы 283 арыз түсті.

Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы