Рамазан: Алматыда тұрғындар арасында жарапазан айтудан байқау өтеді

20.03.2023 22:47

Жеңімпаздардың есімі 1 сәуір күні анықталады

Almaty.tv

Барша мұсылман асыға күткен Қасиетті Рамазан айы биыл 23 наурызда басталып, 21 сәуірде аяқталады. Осы күні Ораза айт мерекесі аталып өтпек. Ал сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түн – Қадір түні. Сондай-ақ биыл пітір садақаның мөлшері 535 теңге болып бекітілді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Рамазан – кешірім мен мол мүмкіндік айы. Адам баласын мейірімділікке, ізгілікке шақыратын рақым кезеңінде ораза ұстау балиғат жасына толған, ақыл есі дұрыс әр мұсылманға парыз. Есте болса, бас мүфти кәсіпкерлерден Қасиетті айда азық-түлікке жеңілдік жасауды сұраған еді. Сондай-ақ ірі сауда желілерін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын 10 пайызға төмендетуге шақырды.

«Рамазанда Аллаға бір ізгі ниетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз амалын орындағанмен тең. Ал парыз амалын орындаған адам басқа уақытта 70 парызды атқарғандай сауапқа кенеледі. Бұл – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – Жәннат. Рамазан тыйылу айы ол жеп-ішуден ғана емес, күнә атаулыдан, жамандықтан тыйылу маусымы», – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қажы Қоңыратбайұлы.

Сондай-ақ биыл қала тұрғындары арасында жарапазан айтудан байқау өтеді. Оны әркім өз қалауынша орындап, қаладағы Орталық мешіттің электронды поштасына жолдауы қажет. Жеңімпаздардың есімі 1 сәуір күні анықталып, қаржылай сыйақы табысталады. Байқаудың мақсаты – Ораза айында дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп, ұмыт қалған салтымызды жаңғырту.  

«54 мешіттің 50 мешітінде Тарауих намаздары Құран Хатыммен оқылады. Ал 4 мешітте Тарауих намазы Хатымсыз оқылатын болады. Сондай-ақ Алматы мешітінде Рамазан шатыры құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылатын болады. Қаладағы басқа мешіттерде де өз шама шарқынша күнделікті ауызашар дастархандары жайылатын болады», – деді қаланың бас имамы Төлеби Қажы Оспан.

Бұл айда Пайғамбарымыз 2 нәрсеге көңіл бөлген. Оның бірі – Құран оқу, екіншісі – қайырымдылық жасау. Ондай игі істі мешітке келіп берсе, нұр үстіне нұр болады. Оған қоса, ауызашар дастарханын жаямын деп ниет еткендерге Алматы мешіттерінің есігі әрдайым ашық. Ал садақаны Рамазан айында берген абзал екен.

«Сауаптар еселенетін айда жақсылықтар жасауға шақырамыз. Әрине, пітір садақаны, зекетті, өзі білсе, өзінің ағайын-туыстары арасындағы мұқтаждарға беруіне әбден болады. Сонымен қатар, мұндай көрсетілген садақаның түрін мешіттерге де беруге болады», – деді қаланың бас имамы Төлеби Қажы Оспан.  

Айта кетейік, 22 наурыз күні барлық Алматы мешітінде бесін намазына дейін Оразаға қатысты көкейде жүрген сұрақтарға жауап беріледі. Оған қоса, 20 мың таралыммен басылған Ораза кестесі халыққа тегін таратылады.

Жадыра Омаржан, Үмбетәлі Меймеш, «Алматы» телеарнасы