Алматының Медеу ауданында көше кітапханалары орнатылады

04.02.2019 22:47

Алматының Гоголь көшесі мен Достық даңғылының бойына көше кітапханалары орнатылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сәулетшілердің жоспарынша, онда тұрғындар таңдаулы шығармаларды оқып қана қоймай, кітаптармен алмаса алады. Жалпы, осы жылы Достық, Төле би және Әйтеке би көшелері Ян Гейл жобасына сәйкес жаңартылмақ. Бұл туралы бүгін Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев атап өтті. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары көктемде басталады. Жоспар бойынша ауданда 7 саябақ пен 100 аула күрделі жөндеу көреді. Ал 10-нан астам көшеге асфальт төселіп, жарық желілері жаңартылады. Бұл тізімде жолдары әбден тозған Мұзтау ықшамауданы да бар. Ауқымды құрылыстың арқасында білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын да шешу көзделіп отыр.

«Бұған қоса, кәсіпкерлердің көмегімен 20 жекеменшік балабақша мен білім беру орталықтары ашылады. Бұл өз кезегінде бөбекжайға кезекті азайтады. Сондай-ақ, биыл Думан ықшамауданында орналасқан мектептегі орын жетіспеушілігін жою үшін қосымша 850 орындық ғимараттың құрылысын бастаймыз. 1000 бала оқуы тиіс мектепте қазір 2 мыңнан астам бала білім алуда. Бұл мәселе кезек күттірмей шешіледі. Ол үшін тиісті қаражат бөлінді», – деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Жалпы, Медеу ауданын жаңартуға байланысты былтыр біраз тірлік тындырылған. Мәселен, шұрқ тесілген 30 көше тақтайдай тегістеліп, жарық шамдары орнатылған. Ал 100-ден астам аула заманауи үлгіде жаңартылған. Сондай-ақ, тозығы жеткен жерасты өткелдері де адам танымастай өзгертілді. Ал, қабырғалары сөгіліп, қасбеті ескірген 60 үйдің сырты бүтінделген. Бұл жұмыстар кезінде баспаналардың шатырлары ауыстырылып, жеделсатылары да жаңартылыпты.