Қазақстан төрт күндік жұмыс аптасына өтуі мүмкін бе

11.07.2021 23:01

Еңбек кодексіне қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етілмейді

Испания, Исландия секілді Еуропа елдері қысқартылған жұмыс аптасына өтті. Мұндай шешім бірнеше жылғы тәжірибеден кейін қабылданды. Зерттеу нәтижелері бойынша, мұндай өзгерістен қызметкерлердің жұмыс сапасы төмендемегені анықталған. Қазақстан қысқартылған жұмыс аптасына өтуі мүмкін бе? Бұл мәселені Tengrinews.kz тілшісі анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қолданыстағы еңбек заңнамасы бойынша, егер жұмыс беруші қарсы болмаса, аптасына төрт күн жұмыс істеу мүмкіндігі бар.

«Еңбек шартын жасасу кезінде, сондай-ақ, еңбек қатынастары процесінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім бойынша жұмыскерге толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің саны қысқаруы белгіленуі мүмкін. Сонымен қатар, төрт күндік жұмыс аптасын белгілеу еңбек қатынастары тараптарының келісімі бойынша шешіледі.

Төрт күндік жұмыс аптасы белгіленген жағдайда жұмыс берушінің де, қызметкердің де еңбек заңнамасында көзделген барлық құқығы мен міндеті сақталады. Осыған байланысты Еңбек кодексіне қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етілмейді, себебі ол қолданыстағы еңбек заңнамасымен регламенттелген», – деді ведомство өкілдері.