Қырғызстанда селден қаза тапқан балалардың денесі Өскеменге жеткізілді

01.07.2024 22:48

Қазір аймақта ол үшін жедел штаб та құрылды

стоп кадр Almaty.tv

Қырғызстанның Ош облысы Ноқат ауданындағы селден қаза тапқан 4 баланың мәйіті бүгін таңертең Өскемен қаласына жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өмірден өткен екі ұл мен екі қыз сол өңірдің тумасы екен. Олар анаcымен көршілес елдегі туыстарына қонаққа барыпты. Алайда нөсер жаңбыр салдарынан болған сел балалардың өмірін жалмап кеткен. 

Қаза тапқандардың жақынына көңіл айтып барған облыс әкімі Ермек Көшербаев қайғы жамылған отбасы мүшелеріне жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Қазір аймақта ол үшін жедел штаб та құрылған екен. Өңірдегі кәсіпкерлер де қаза тапқандардың жақынына қолдау көрсетуге дайын екенін айтып отыр. Ал жерлеу рәсімін «Халифа Алтай» мешітінің қызметкерлері өткізіпті. 

Еске салайық, мәйіттерді алуға барған әуе кемесі арқылы күні кеше бауырлас елге 2,7 тонна гуманитарлық көмек те жеткізілген.  

«Сіздердің қиын-қыстау сәттерде жылдам көмек көрсетуге дайын екендеріңіз бізді қуантады. Алғыс айтамыз! Қазақстаннан келген жүктерді Ноқат ауданына жеткізіп, селден зардап шеккен тұрғындардың қажеттілігіне қарай үлестіреміз. Қырғыз-қазақ бір туған, әрдайым бір-бірімізді қолдап жүре берейік», – деді Қырғыз Республикасы президентінің Ош облысы бойынша өкіл орынбасары Ильяз Ташбаев.

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданындағы инженерлік желілер қалай жаңартылды