Алматыдағы Достық үйінде «дөңгелек үстел» өтіп, оның барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Дөңгелек үстелдің» жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, шығармашыл зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында мәдениет пен ғылымның танымал қайраткерлері ұлттың рухани жаңаруы туралы өздерінің ұсыныстарымен бөлісті.
Мемлекеттік хатшы дағдарысты жеңуде және халықтың жаңа бірегейлігін қалыптастыруда шығармашыл зиялы қауымның айрықша рөлге ие екенін атап өтті.
Кездесуде жазушылар, мәдениет пен ғылым қайраткерлері өз пікірін айтты. Белгілі қазақстандық актер, театр мен кино режиссері Асанәлі Әшімов халықтар бірлігінің маңыздылығын атап өтті.
«Еліміздегі жағдайды өзгерту ортақ күш-жігерді талап етеді. Бүгінгі күні біз Президенттің халыққа арнаған Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға сөзімізбен және ісімізбен көмектесуге тиіспіз», — деді кездесуге қатысқандардың алдында А. Әшімов және өскелең ұрпақтың бойында мәдени рухты қалыптастыруға ерекше назар аударуға шақырды.
Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаев Жолдауда пандемия салдарынан елімізде экономикалық дағдарыстың белең алғанын және оны жеңу үшін нақтылы шаралардың көрініс тапқанын айтты.
«Президент мұнай дәуірінің өткенін айтты. Бұл – шындық. Ендігі даму адами фактордың жоғары деңгейімен байланысты. Жолдауда ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінгені қуантады, өйткені, ауылсыз қазақ халқын елестетуге болмайды. Ауыл шаруашылығын дамыту ауылды сақтап қалуды білдіреді. Бұл – селоны жұмыспен қамту, бұл — экологиялық сапалы өнім. Бұл – ұлттың денсаулығы. Президент қоғам мен әрбір адамды жауапкершілік пен бірлікке шақырады. Өмірді сапалық жағынан өзгерту жолында біз бәріміз бірге болуға тиіспіз», — деп атап өтті С. Елубаев.
Өз кезегінде қоғам қайраткері, мәдениеттанушы (культуролог) Мұрат Әуезов жалпы қоғам мен мемлекеттің жан-жақты дамуының маңызды екенін айтты.
«Жолдауда заманауи талаптарға лайықты жауап беру үшін қоғам мен халықтың күш-жігерді біріктіруі тиіс екендігі айқын көрініс тапқан. Біздің алдымызда халықтың жаңа бірегейлігін қалыптастыру жөнінде тарихи міндет тұр, біздің болашақ дамуымыз осыған байланысты. Халықтың ғасырлық кемеңгерлігінің үздіктерін алып, алға нық қадам басып, экономикалық, саяси, рухани және мәдени тұрғыда дамитын боламыз», — деді М. Әуезов.