«Бақытты отбасы» орталығы барлық отбасыға көмек көрсететін болады

31.01.2022 в 22:56

Бұл туралы жоба жетекшісі Зүлфия Байсақова мәлімдеді

«Бақытты отбасы» орталығы енді тек көпбалалы отбасы мен жалғызбасты аналарға ғана емес, өзгелерге де көмек көрсетпек. Бұл туралы жоба жетекшісі Зүлфия Байсақова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

З. Байсақованың айтуынша, 3 жыл ішінде қаладағы 9 орталық өз жұмысының тиімділігін көрсеткен. Мәселен, тек былтырдың өзінде «Бақытты отбасының» бас бөлімшесіне 24 мыңнан астам адам келіп, 36 мыңнан аса қызмет түрін алған.   

«Қазір біз бұл жобаның жұмыс жүйесін қайта қарап, барлық отбасына арналған ресурстық орталыққа айналу мәселесін қарастырып жатырмыз. Осы арқылы қоғамдағы жанұялардың түрлі мәселелерін шешуге атсалысқымыз келеді. Қазірдің өзінде көпбалалы аналардың қажеттілігі де, талғамы да жақсы жаққа қарай өзгерді деп сенімді түрде айта аламын», - деді «Бақытты отбасы» жобасының жетекшісі Зүлфия Байсақова.