Жүргізуші куәлігі: алматылық жастар жемқорлық-сыбайластықты жоюдың жолын ұсынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазір жоба пилоттық режимде ХҚКО-да жүзеге асуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық жастар стартап жоба ойлап тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бағдарлама жүргізуші куәлігін алу саласында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Қазір жоба пилоттық режимде Алматы қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына қойылған. Жобаның ерекшелігі – теориялық тест тапсыру кабинетіне шыны парталар қойып, әрқайсының үстіне бейнебақылау камераларын орнатқан. Жоба авторларының айтуынша, бұл ашық әрі әділ тест нәтижелерін алуға мүмкіндік бермек. Өзге адам процеске араласса немесе үміткер көшірсе, бәрі көрініп тұрады.

«Автомектептер – үміткерлерге тек емтихан сұрақтарын үйретумен шектеледі. Яғни, олар сапалы білімді басты назарға алып отырған жоқ. Көлік айдау кезінде теориялық білім мен практиканы дұрыс меңгермеген жүргізуші салдарынан жолда көлік апаттарына тап болады. Бұл жоба арқылы жүргізуші куәлігін ақша беріп сатып алмай, өз еңбектерімен тапсырып алуға шақырамыз», - дейді жоба жетекшісі Санжар Нұрмахамбетов.

Бұған дейін көлік жүргізуші куәлігін алуға ниеттілер теориялық тестке дайындық жүргізу сұрақтарына қатысты біраз шағым айтқан болатын. Аудармалары дұрыс емес, түсініксіз деген шағымдар болған еді. Оған себеп - қазіргі қолданыстағы тапсырмалардың басым көпшілігі Ресей нарығына бағытталған. Ал жоба авторлары теориялық емтиханның сұрақтарын зерделей келе, ондағы сауалдардың 20 пайызы қате деген қорытынды жасаған. Сол үшін мықты мамандардың басын қосып, 1400 сұрақ әзірлепті. Оны ұялы телефондағы қосымшаларды жүктеу арқылы оқып, дайындалуға мүмкіндік бар. Онда анимация, барлық тест сұрақтары және жол қозғалысы ережелері енгізілген. Сонымен қатар кітапта басып шығарған. Оны үш тілде жазып шыққан. Пікірлерінше, оқулық мазмұны қарапайым әрі түсінікті. Бастысы, кітап Қазақстан жүргізушілеріне негізделген.

«Біз осы жобаны еліміздің барлық өңірінде енгізгіміз келеді. Қазір пилоттық режимде Алматы қаласындағы Саялы шағынауданында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына орнаттық. Осы әдіс арқылы тест тапсырып, жоғары нәтиже көрсетіп жатқандар бар. Біз ұсынған жобаны еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауын сұраймыз. Бұл жүйелі түрде іске асса елімізде бармақ басты көз қысты әрекеттерге бару жолдары азаяды деп есептейміз. Кең етек алған сыбалайлас жемқорлықты осылайша жойғымыз келеді», - дейді жоба жетекшісі Елдар Бекболатбеков.

Сондай-ақ жаңа жобаға сәйкес, теориялық тест тапсырып жатқан үміткерлерді камера арқылы күту залында көріп отыруға мүмкіндік бар. Елімізде жүргізуші куәлігін тапсыра алмаған қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. Себебі елімізде мұндай статистика жүргізілмейді. Ал жол қозғалыс ережесін білмеу салдарынан болатын апаттардың саны жыл сайын 14 мыңнан асып жығылады екен.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда микрокредит беруге қойылатын талаптар күшейтілді

Новости партнеров