Атырау тұрғындары сары су ішуге мәжбүр

25.05.2023 в 03:21

Ал әкімдіктегілер су құбырлары толықтай тазаланып, ауыстырылады деп сендірді

Атырауда Нұрсая ықшамауданының тұрғындары сары су ішуге мәжбүр. Өйткені орталық құбырдан 3 айдан бері осындай су ағып жатыр екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұрт «содан бері табан тоздырып, талай босағаға барсақ та, атқамінерлер бейқам отыр» деп ашулы.

3 айдан бері лай суды сүзіп алып пайдаланып жүрген көпшілік бұдан әрі шыдай алмайтынын айтты. Құбырлар ескіргендіктен краннан сап-сары су ағады. «Не өзіміз жуына, не кірімізді жуа алмаймыз» деген бұқара шіріген құбырларды ауыстырып беруді талап етіп отыр.

– Әбден шаршадық, қашанғы лас суды ішіп отырамыз? Тамақ та істей алмаймыз, ақша да төлеп отырмыз. Әбден ауру болып біттік. Табалдырықты тоздырып, жауаптыларға айтқанмен, еш нәтиже жоқ. Айдың-күннің аманында таза суға жарымай отырмыз, – дейді  қала тұрғыны Оксана Краснова.

– Ауыз суға зәруміз. Сары суға не балаларымызды шомылдыра алмаймыз, не ыдыстарымызды жуа алмаймыз. Құбырды ауыстырып, ауыз су берсін, – дейді тұрғын Гүлзада Назарова.

Ал әкімдіктегілер «жағдайға қанықпыз, ықшамаудандағы тұрғын үйлердің ауыз су құбырлары толықтай тазаланып, ауыстырылады» деп сендірді.

– Жылу құбырлары тексерілді. Қала әкімдігімен жиын өткіздік. Қаражат көлемін есептеп жатырмыз. Бұл үйлерге ескі құбырдан су беріліп тұр. Сонымен қатар пластикалық құбырға ауыстыру үшін  бағасы есептеліп жатыр. Ақау ыстық су құбыры тозғандықтан шығып отыр, – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторының меңгерушісі Темірлан Әубәкіров

«Ай-күннің аманында ауыз суға жарымадық» деген тұрғындар  5 литр суды 1000 теңгеге сатып алып ішіп отыр. Жалпы шаһарда 138 шақырымнан аса құбыр бар. Бүгінде оның 30 шақырымының тозығы жеткен.

Жұлдыз Қайратқызы,Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау