Қазақстанда «Яндекс.Такси» қызметіне қатысты тергеу ісі басталды

19.01.2022 00:34

Бұл қызмет түрі елде төтенше жағдай кезінде бағаны негізсіз көтеріп жіберген

Almaty.tv

Қазақстанда «Яндекс.Таксиге» қатысты тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Белгілі болғандай, бұл қызмет түрі елде төтенше жағдай кезінде бағаны негізсіз көтеріп жіберген. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлімдеген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаның өсуіне жол бермеу үшін бірқатар шаралардың қабылданып жатқанын айтты. Енді агенттік бас прокуратурамен бірлесіп, жанармай құюмен айналысатын ірі алты компанияға қатысты тергеу бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Елде төтенше жағдай болған уақытта барлық қызмет түрі өз жұмысын тоқтатқан еді. Қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылып, қауіпсіздік мақсатында жеңіл көліктердің көбі қатынауын доғарды. Сол уақытта такси қызметіне сұраныс туып, интернет бар кезде «Яндекс. Такси» Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында бағаны негізсіз өсіріп жіберген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлімдеді. Енді бұл факт бойынша елде тергеп-тексеру амалдары басталды.

«Жедел желі бойынша алынған шағымдар шеңберінде агенттік «Яндекс. Такси» агрегаттарына қатысты экономикалық қызметті үйлестіру белгілері бойынша тергеп-тексеру тағайындады. Инфляцияға қарсы жұмысты одан әрі жүзеге асыру мақсатында агенттік монополиялық іс-шараларды, атап айтқанда талдаулар жүргізу, монополияға қарсы канбланс қорытындысы, хабарламалар, нұсқаулар шығару және тергеулер тағайындауды жалғастыратын болады», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.

Жалпы, елде тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасын көтеру фактілері бойынша агенттіктің сенім телефонына 2 мыңнан аса өтініш түскен. Оның 50 пайызы Алматыға, 30 пайызы Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Шағымдар арасында мегаполис тұрғындары тарапынан такси құнының өсуіне қатысты хабарламалар да келген. Мәселен, «Яндекс. Такси» төтенше жағдай кезінде әдеттегі тарифін өзгерткен. Елорда мен Алматы, Шымкент қалаларында жәй ғана отыру бағасы 350 теңге болса, одан ары қалада қатынау шақырымына 50 теңге деп белгіленген. Ал ақылы күту ақысы минутына 20 теңге болған. Осындай жағдайдың болғанын алматылықтар растап отыр.

«Сол кезде такси жоқ, жолдан көлік тоқтатуға тура келді. Ал құны 3-4 есеге қымбаттап кеткен. Бұл адам сенгісіз баға ғой. Адамдарға көмек керек уақытта бұлай істегені мүлдем дұрыс емес», – дейді қала тұрғыны Бекзат Әшімов.

«Яндекс. Таксидің» бағасы өте қатты жоғары деп есептеймін. Сол себепті маған автобуспен жүрген тиімдірек», – дейді тағы бір тұрғын Мөлдір Ғабитова.

«Елде төтенше жағдай басталғанда бағаны қарадым. 7 аялдама үшін такси құны 3 мың мен 6 мың теңге арасында болды», – дейді келесі бір тұрғын Руслан Бұланов.

Бейресми ақпарға сәйкес, Қазақстанда такси құнының себепсіз өсуі интернеттің бұғатталуына байланысты болыпты. Бірақ бұл дерек «Яндекс. Таксидің» бас кеңсесінде тіркелмеген. Ал баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша барлық өтінім-сұрауларға жауап беруге дайын екенін жеткізді.

«Біздің сервис штаттық режимде жұмыс істейді. Мемлекеттік органдардан біздің, сондай-ақ бүкіл нарықтағы қызметтің түрлі аспектілеріне қатысты түсіндіру туралы өтініштер жиі келіп түседі. Біз оларға әрқашан белгіленген мерзімде және толық жауап береміз», – делінген «Яндекс Go» баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жалпы елде инфляция деңгейінің құбылуына әсер ететін баға өсімінің негізгі факторларымен күресу үшін 2022-2024 жылдарға арналған жоба кешеніне бірқатар жүйелі шара енгізді. Бұл ретте ведомство бас прокуратурамен бірлесіп, Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достығының алты көтерме сатушысы: «ҚазМұнайГаз», «Petrosun», «Ақтөбемұнайгаз», «Қазгермұнай», «Қазақойл Ақтөбе» және «Қазақ газ өңдеу зауытына» қатысты тергеу амалдарын бастады. Оларға монополиялық жоғары бағаларды белгілеуде үстем жағдайды теріс пайдаланды деген айып тағылуда. Алдын ала нәтиже бойынша бағаның өсуіне негізгі электрондық сауда алаңындағы баға механизмінің жетілмегені себеп болғаны анықталып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы