Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы дамбада күшейту жұмыстары Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылында жүргізілді. Жыл сайын су басатын бұл ауылдың биыл жағдайы қандай болмақ? Өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтып береді.
Бұл – СҚО Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылы. Пестрое көлі мен Есіл өзенінің ортасында орналасқан елдімекенді жыл сайын су басады. Ал биыл қардың қалың түсуіне байланысты ауылдың су астында қалу қаупі жоғары. Осындай жағдайды болдырмау мақсатында облыстық ТЖД мамандары бірқатар шараларды қолға алған. Солардың бірі –қоршауларды нығайту.
«Аудан әкімдігі қазірдің өзінде 5000 м3 астам инертті материалды дайындап қойған. Жалпы ұзындығы 1,5 км болатын қорғаныс бөгетінде нығайту жұмыстары жүргізілуде, бұл күндері 950 м нығайтылған. Үйіндінің биіктігі 3 метрге дейін, ал оның ені 6 метрге дейін жетеді. Бұл шаралар елді мекенде су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді», – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
Тепличное ауылында 200-ден астам түтін бар. Елді мекенде 784 адам тұрады. Мамандардың сөзінше, өткен жылы дамбада нығайту жұмыстары жүргізілген, алайда ол кезде қоршаудың бірқатар әлсіз жерлері анықталған.
«Қызылжар ауданының аумағында су басу қаупі бар 15 елдімекен бар. Су тасқыны кезеңіндегі ең қауіпті жағдай Тепличное ауылының маңында. Өткен жылы бұл жердегі бөгеттің 950 метрі нығайтылған. Былтырғы су тасқыны нәтижесінде бұл бөгеттің әлсіз жерлері анықталды. 2021 жылғы су тасқыны басталмайынша, осы әлсіз жерлерді жою және жағалауды толығымен нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Қызылжар ауданы ТЖ бөлімінің басшысы Аслан Ахметжанов.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда облыстағы 79 ауылға су басу қауіпі төніп тұр. Бүгінгі таңда елді мекендерінен 2 млн текше метрге жуық қар шығарылған.