Алматыда қауіпті демалыс орындары пайда болды. Жабайы сырғанақтардың бірі Алатау ауданындағы бос жатқан жерде бірнеше жыл бұрын ашылған. Ал жергілікті әкімдік аумақты сырғанаққа айналдыруға рұқсат бермедік деп азар да безер. Бұқаралық сырғанақ орындарындағы қауіпсіздікке кім жауапты?
Бұл Алатау ауданына қарасты бос жатқан жерді халықтың өзі демалыс орнына айналдырып алған. Тіпті тұрақты түрде келетін олар сырғанақтың атауын «Ақжайлау» деп қойыпты. Дегенмен, қолдан жасалған жабайы сырғанақта ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Аумағы құрылыс пен тұрмыстық қалдықтан көз ашпайды. Ал алғашқы көмек көрсететін медициналық пункт деген атымен жоқ. Сорақысы сол, сырғанайтын маң қоршалмағандықтан, тауға адамдармен бірге жеңіл көліктер де емін-еркін көтеріліп жатыр. Бұл өте қауіпті дейді дүйім жұрт.
«Жоқ, жоқ, қауіпсіздік мәселесі сақталмаған. Сондықтан көпшілік келетін орын болғаннан кейін сол жерді аздап ыңғайлап қойса дейміз, қанша дегенмен, балалармен келіп жатырмыз», «Бұл жерде машиналар да жүреді, адамдар да сырғанап жүреді. Жүріп келе жатқан көліктің түбінде шанамен, баллонмен сырғанап жүргендер бар. Тіпті, балалар байқамай көлік астына түсіп кеткен жағдайлар да бар», – дейді тұрғындар.
Оған қоса, қолдан жасалған демалыс орны кәуап сататындардан көз ашпайды. Алайда, айдалада ас пісіріп жүргендер тиісті құжаттарын көрсете алмады. Бірі қазір басшысыз жоқ десе, қалғандары дәмханадан арнайы осында табыс табу үшін келдік деп ақталды.
«Тиісті құжатыңыз, рұқсатыңыз бар ма? –Кафеден деп тұрмыз ғой. Кафеден келіп тұрмыз. – Қайсы енді құжаттарыңыз? – Кафеге бармайтын шығармыз сол үшін...»
Жабайы сырғанаққа беттеген бойда қасымызға осы маңға бас-көз болып, қары бар жерді қаржы көзіне айналдырған кәсіпкер келе қалды. Айтуынша, әр сырғанау маусымы басталмай тұрып тыңғылықты дайындаламын дейді. Аумақты қаулаған арам шөптен тазартып, сырғанайтын баллондарды жалға берумен айналысамын деп отыр.
«4 жылдай болды осы жерде еңбек атқарып жүргенімізге. Жылда келіп, осы жерді тазалап, тазалығын қарап, қолдан келгенше адамдардың қауіпсіздігіне қарасамыз. Бізде кіру тегін, тек баллонға ғана арендаға ақша аламыз. 500 теңге сағатына. Осы жерге келгендер ойнап, көңілдерін көтеріп, жақсы демалып кетіп жатыр», – дейді кәсіпкер Серік ӘТЕШОВ.
Бос жатқан жерді жабайы сырғанаққа айналдыру үшін кәсіпкерлерге аудан әкімдігі ешқандай да рұқсат бермеген. Өйткені, қала балансындағы жерге жоспар бойынша алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлер салынады.
«Ол жер сырғанаққа арналмаған. Ол жерде үй салынады деген жоспар бар. Біз өз тарапымыздан бірнеше рет сол жерге барып, рейдтер жүргізгенбіз. Қауіпсіздікті барынша қадағалауға тырысамыз. Алатау ауданы бойынша ертеңнен бастап рейд жасаймыз. Жабу керек болса, мәселенің бәрін қарастырамыз», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет ТОҚТАСЫНОВ.
Алатау ауданында осы тектес 3 жабайы сырғанақ бар. Қолдан жасалған демалыс орындарының қауіпсіздігін енді аудан әкімдігі мықтап қолға алмақ.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы