Қарағанды облысында браконьерлердің шабуылына ұшыраған «Охотзоопром» инспекторларының біреуі ауыр халде. Ол қазір Астана қалалық №1 ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиға былай болған. Қоршаған ортаны қорғаушылар 13 желтоқсанда Теңіз көлінің маңынан қар бетіндегі қанды байқап, екі көлікпен із қуалаған. Біраз жүрген соң джип көлігін қуып жетіп, ішінен үш адамды байқайды. Инспекторлар темір тұлпарды тоқтатып, мән-жайды сұрауға бел буғанда, браконьерлер қашпақ болыпты. Олар қарсылық көрсетіп, мамандарды соққының астына алған. Нәтижесінде, біреуі түрлі зақым алса, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
«Содан ары қарай біраз жүргенде браконьерлермен кездесіп, сол жерде қақтығыс болады. Сонда Ницык деген азамат жарақат алған. Ал екінші инспектор – Нұрғалиев Ерлан өте ауыр халде жатыр. Комада. Қазір ауруханада», – деді ҚР Ауылшаруашылық министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр РЫСКЕЛДИНОВ.
Кейін браконьерлердің 5 киікті атып өлтіргені белгілі болды. Комитет төрағасының айтуынша, заңсыз аң аулаушылар инспекторлардың көлігінің кілті мен GPS құрылғыларын алып қашып кеткен. Алайда, қылмыскерлер әлі ұсталмапты.
Еске салсақ, бүгін «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларының бірінің Қарағанды облысының аумағында браконьерлердің соққысынан қаза тапқаны хабарланған еді.