Алимент төлеуден жалтарған әкелерге 500-ге жуық жұмыс орны ұсынылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Борышкерлер санын азайту мақсатында мамандар «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алимент төлеуден жалтарып жүрген жауапсыз әкелердің жалпы қарызы 200 млн теңгеден асады. Борышкерлер санын азайту мақсатында мамандар «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастырды. Компаниялар тарапынан техникалық мамандықтарға сұраныс көп. 15 кәсіпорын, 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олар үміткерлердің барлығымен жеке сөйлесіп, мүмкіндіктерімен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жұмыс жәрмеңкесін қалалық Әділет департаменті мен жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырды. Мақсат – борышкерлерді еңбекке тарту арқылы, алиментті өндіру. Екі қолға бір күрек іздеп келгендердің бірі –  Мәрлен Серғазыұлы. Мамандығы  – технолог. Тұрақты жұмысқа орналса алмай жүргеніне жылдан асқан. 1 балаға алимент төлеуі керек.

«Жаңадан жұмыс істеп жатқан бұл жобаның нәтижесі жақсы болады деп ойлаймын. Өйткені көп азаматтар жұмыс таба алмай жүр. Бұл жерде тағы бір ерекшелік –  кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, зейнетақы жинағы жүреді екен», –  деді Мәрлен Жатақбаев.

Бүгінде қала бойынша алимент төлеушілер саны 12 мың 177 адам. Олардың 200-ге жуығы табысын жасырып, төлемнен қашып жүргендер. Сот орындаушыларына түсетін істердің басым көпшілігінде әкелердің алимент төлейтін жағдайы, тіпті тәркілейтін мүлкі де болмайды екен.

«Қазіргі таңда жыл басынан бастап, қылмыстық жауапкершілікке екі адам тартылды. Ішкі істер министрілігіне 100-ден астам ұсыныс беріп отырмыз. Қазір оларға тергеу жүргізіліп жатыр. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам саны да 100-ден асады», – деді Қалалық жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Дәурен Аймақов.

Жәрмеңкеге тұрақты жұмысқа орналасуға үміттеніп келгендер саны 130-дан асты. Борышкерлерге шараның өтетені туралы алдын-ала хабарлама СМС-арқылы жолданған.

«Қазіргі таңда 1,8 млрд теңгегенің  алиментін өндіру бойынша 12 мыңға жуық борышкер бар. Соның ішінде 600-ге жуығы мәселеге толы борышкерлер. Негізгі себебі – жұмыссыздық. Көбісі үш айдан астам уақыт өздерінің қарыздарын төлемегендер», – деді Қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Айдын Амангелдіұлы.

Бұған дейін бос орындар жәрмеңкесі онлайн форматта өткізілген. Мамандардың айтуынша, оған қатысушылар саны аз болып, көпшілігі ықылас танытпапты. Бүгінгідей жүзбе-жүз кездесу шараларының тиімділігі мен нәтижесі мол дейді ұйымдастырушылар.  

Новости партнеров