Сайлау жүйесін жетілдіру мен партияларды тіркеуге қатысты құжаттар да Мәжілісте мақұлданды
Желтоқсанның бірінде Тұңғыш Президент күні Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні сияқты атаулы күндермен қатар атап өту ұсынылып отыр. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Палата депутаттары бастаманы бірауыздан қолдады. Енді Сенатта қабылдаса, 1 желтоқсан қазақстандықтар үшін демалыс күні болмайды, деп хабарлайды
«Бұл мереке аталып өтіледі. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бірақ демалыс күні болмайды менің түсінгенім. Қалғаны бәрі қалады», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Жолдаудан кейін қызу талқыға түскен елордаға Астана атауын қайтару ұсынысына мәжілісмендер де пікір білдірді. Ерлан Қошановтың ойынша, қала атауы ауысқан күннен бастап халықтың наразылығы әлі басылмаған. Депутаттардың айтуынша, көпшілік үніне құлақ асу қажет деген пайыммен мәселе көтерілген.
«Елорданың атауын өзгерту мәселесіне тоқталсақ, бұл бастама депутаттық топтың ұсынысы болып отыр. Бірнеше жыл бұрын елорданың атауын өзгерткеннен бастап қоғамның ішінде пікірталас әлі де толастамады. Сондықтан халық арасында түрлі пікір бар. Соның көбісі бұрынғы атауын қайтаруға қатысты», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Қазақстандықтар депутаттық мандатты қайтарып алуға құқылы болады. Мәжілістің жалпы отырысында мұны айқындайтын түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Ол қалай жүзеге асырылады? Тәртібін Әділет министрі Қанат Мусин былай түсіндірді.
«Мандатын кері қайтару үшін оған сайлаушылардың 30 пайызы өз қолдарын қоюы керек. Алайда ондай жағдайда сайлау комиссиясы сайлау күнін анықтайды. Содан кейін сол сайлаушылардың 50 пайызын депутаттың мандатын кері қайтаруға дауыс берсе, онда іске асады», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.
Сайлау жүйесін жетілдіру мен партияларды тіркеуге қатысты құжаттар да Мәжілісте мақұлданды. Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, енді Үкіметке заңды күшіне енген уақытша қаулыларды қабылдау бойынша өкілеттілік беріледі. Қанат Мусиннің айтуынша, мұндай актілер айрықша болып саналады.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омаров, «Алматы» телеарнасы