Журналистерге арналған «Сөзтүзер» сөздігінің тұсаукесері өтті

06.09.2021 22:53

Ендігі міндет – мемлекеттік тілді еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Ендігі міндет – мемлекеттік тілді еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру. Бұл туралы «Сөзтүзер» сөздігінің тұсаукесер рәсімінде ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


«Соңғы кезде телевизия мен радиода, баспасөз бен сайттарда әртүрлі қателердің белең алып бара жатқаны туралы жиі айтылып жүр. Тіл жанашырлары тілдік нормалардың бұзылуы жайлы алаңдашылық танытып келеді. Осыған орай Президент Әкімшілігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл жағдайды сараптап, белгілі ғалымдар мен тіл мамандарының басын қосып осы сөздікті жасап шығарды. Сөздік Мемлекет басшысын тапсырылып, Президенттің оң бағасына алды», – деді Дәурен Абаев сөздіктің тұсаукесеріне арналған шарада.


Ол тарихта ана тіліміздің өркендеген дәуірі де, саясаттың салдарынан тежелген тұстары да болғандығын атап өтті. Бірақ, егемендік жылдары қазақ тілі жан-жақты дамып, бүгінде ғылымның, технология мен бизнестің тіліне айналып келе жатқанын баса айтты.

«Ендігі міндет – осы қарқынды одан арттырып, мемлекеттік тілді еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру. Осы орайда Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында: «Болашағын отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады» деп нақты көрсетті. Бұл мақсат жолында парасаттылықты, қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықты сақтау өте маңызды. Бұған әр қазақстандық мүдделі болуы тиіс деп санаймын», – деді алғысөзін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.