Қарағанды облысындағы саябақ қашан қолданысқа беріледі

23.05.2024 22:53

Абаттандыру жұмыстарына 240 миллион теңге бөлінген

Almaty.tv

Қарағанды облысына қарасты Пришахтинск елдімекеніндегі саябақтың қолданысқа берілер түрі жоқ. Бар жұмыс былтыр аяқталуы тиіс еді, бірақ белгісіз себеппен жоба жоспардан кешіккен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жергілікті билік айналаны абаттандыруды қолға алып, бұл маңды көпшіліктің демалыс орнына айналдыруды жөн көрген. Нәтижесінде, бір жыл бұрын бюджеттен 240 миллион теңге бөлініп, саябақты әрлеу сынды кешенді жұмыс басталған. Сол кездегі жоспар бойынша, мердігер демалыс орнын 2023 жылдың күзінде қолданысқа беруі қажет еді.

– Тұрғындар шағымы бойынша саябақ жұмысын назарға алдық. Бір қуантарлығы аумақ жақсы жасалуда. Дегенмен кестеден кешіккен. Тапсырыс беруші мекеме тарапынан ескерту болып, мердігер бірқатар жұмысты қайта жөндеген. Бұл аумақтағы жұмыстарды бақылап отырмыз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Жан Серікұлы  

Құрылысқа көз жүгірткен депутаттар футбол алаңы мен жасыл желектің де сапасын тексерді. Аталған аумақтағы 150 шаршы метр жерге тас төсеу барысында бірқатар кемшілік анықталған. Ал негізгі жұмыстың уақытылы аяқталмауына қатысты, тіпті іс қозғалып, сотқа жеткен.

– Мердігерді сотқа бергенбіз. Заң бойынша мердігер жұмысты тоқтатпай,  жалғастыра береді. Кешірім сұраймыз. Жазда саябақ қолданысқа беріледі, – деді  Қарағанды қаласы Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасының басшысы Талғат Байтохин.  

Тұрғындар шағымы ескеріліп, саябақтағы құрылыс 1 айда аяқталмақ. Мемлекеттік мекеме мен мердігер компанияның жұмысын халық қалаулылары қатаң назарда ұстайды.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде шегіртке көбейді