Сусыз қалған ақтаулықтар көлік қозғалысын тоқтатты

12.06.2024 22:53

Қала әкімі брифинг өткізді

Almaty.tv

Ақтау қаласының бірнеше шағынауданында 3-4 күн ауыз су болмай, ындыны кепкен ызалы жұрт шу шығарды. Шыдамы таусылған 19-шағынауданның тұрғындары орталық жолды жауып, көлік қозғалысын тоқтатып тастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала тұрғындары ауыз суды бірнеше күн күткен. Шағым айтушылар «жауапты коммуналдық мекеменің берген уәдесіне сеніп, сабыр сақтадық» дейді. Сабыры сарқылып, қарапайым қызмет түрінен мақұрым қалған олар 2 шағынаудан арасындағы жолды көлденең жауып, жауаптылардан су сұраған. Мәселе тек аталған ықшамаудан тұрғындарын алаңдатып тұрған жоқ. Тіршілік нәрі бір емес, бірнеше аумақта тоқтаған.

– Екі жыл қатарынан жазда су жоқ. Айғай-шу шығарған кезде суды қосады. Кір машинаны қосайын десем сөніп қалды. Түнімен бағып отырасың, бірақ су келген жоқ. Таңертең ерте тұрып қарадым, тағы жоқ, – деді қала тұрғыны Алтынгүл Төлекбаева.

– Халыққа жаны ашитын болса, неге әкімшілік су тасымалдайтын көлікпен су әкеліп бермейді? Біз 5-қабатта тұрамыз. Үш жыл болды, мәселе шешілмейді, – деді қала тұрғыны Гауһар Башиева.

Күрделі мәселеге қатысты қала әкімі Ұлықбек Тналиев брифинг өткізді. Ол «суды тазартып беретін МАЭК кәсіпорны жұмысқа үлгере алмай жатыр» дейді.

– Түнімен жинаған суды, күні бойы пайдаланамыз. Дайын тұрған су жоқ. Біз аяп тұрған жоқпыз. Дайын су болса қажетті қысыммен тұрғындарға жібереміз. Бірақ оны дайындау процесі бар. Соның барлығына уақыт кетеді, – деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.

Қала әкімі Ұлықбек Тналиев «мәселе шамамен бір аптаға созылады» деп қысқа қайырды. Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен салынған қуаттылығы тәулігіне 4000 текше метрді құрайтын су тұшыту қондырғысы іске қосылса, су жоқ деген дау туындамайды деп отыр. Ол кәсіпорын тамызда пайдалануға беріледі.  

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулетұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Петропавлда аутизмге шалдыққан балалар жертөледе оқуға мәжбүр