Алматының тәулік бойы жұмыс істейтін құтқару қызметі соңғы 9 айда 125 мыңнан астам өтінішті қараған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар 17 мыңға жуық құтқару жұмысын жасады. Бүгін онлайн брифингте осы туралы қалалық құтқару қызметі директорының орынбасары Ержан Қаңлыбаев айтып берді. Оның сөзінше, туристер көбінесе тауға алғашқы сапар алдында өз мүмкіндіктерін асыра бағалайды. Сондықтан оларға маршруттың уақыты мен орнын алдын ала жоспарлап, қатысушылардың құрамын бекітіп алған жөн деді. Онымен қоса, дәрі қобдишасын жинау қажет.
«Екінші қателік- күшін асыра бағалау: көптеген туристер белгілі бір қашықтықты жүріп өтемін деп ойлайды. Діттеген жерге жеткеннен кейін олардың кері қайтарға күші қалмайды. Сіз әрқашан өз күшіңізді ескеруіңіз керек. Сондай-ақ, көптеген адамдар ауа-райы туралы ескертулерді елемейді. Өз туыстарыңызға сапардың бағыты, уақыты, сізбен бірге қанша адам бар екендігі туралы ескерту қажет. Маршрутқа тыйым салынған жерлерге бармау керек. Ондай аумақта көшкін болу қаупі бар болуы мүмкін», – деді қалалық құтқару қызметі директорының орынбасары Ержан Қаңлыбаев
Таулы жерлерге барарда ауыз су мен тамақ қоры жеткілікті болуы қажет. Сонымен қатар, созылмалы және буын ауруына шалдыққандарға тауға барудан бас тарту ұсынылады. Құтқарушылар жолды таппай жоғалып кеткен жағдайда өзін қалай ұстау керектігін айтты.
«Ең алдымен, 112 нөміріне қоңырау шалып, маршрутыңыз туралы, қай жерде екеніңізді және қанша уақытта көтерілгендігіңіз туралы хабарлауыңыз керек. Хабарласар алдында қайда, қайдан және қалай барғаныңыз туралы ақпаратты айтуға дайын болыңыз. Өзіңіз тұрған жерді сипаттап, ұялы телефондарда геолокация режимін қосыңыз. Сондай-ақ, сіз киген киіміңіз туралы, қанша адам екеніңізді хабарлауыңыз шарт», – деді ҚР Төтенше жағдай министрлігі республикалық жедел-құтқару жасағының бөлімшесінің басшысы Сергей Толкунов