Алматыны қалпына келтіруде маңызы зор бұл салада бүгінгі таңда бірқатар нақты жұмыстың тізбегі жасалып үлгерген
Алматыда жақын уақытта бірыңғай кезекші диспетчерлік қызмет құрылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев кешегі Алматы қалалық активінде мәлімдеді. Бизнесті қалпына келтіру және мегаполисті одан әрі дамыту тапсырмаларын орындау бойынша өткен жиында шаһар басшысы қаладағы қауіпсіздік пен байланыс инфрақұрылымын күшейту мәселесіне де баса назар аудару керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қауіпсіздік – қаланың негізгі мәселесі. Сондықтан ол бойынша жан-жақты жұмыс істелуі керек». Осылай деген Алматы әкімі жауаптыларға шұғыл түрде диспетчерлендіру ісін қайта қарауды тапсырды. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың сапалы қызмет алуы үшін жақын уақытта бірыңғай кезекші қызметтер ашылмақ. Ал қазір аталған іс бойынша қызметкерлерді оқыту мен жабдықтарды жөндеу жұмысы жүріп жатыр.
«Барлық диспетчерлік қызметті бір орынға шоғырландыратын нақты бір жүйе құрудың маңызы зор. Әрі сол арқылы қаладағы барлық мәселелерді бақылауға алуға болады. Кешегі жиында әкім де орталықтандырылған қызмет көрсету орнының болуы негізгі мәселе екенін атап өтті», – деді Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда жақын арада бірыңғай кезекші диспетчерлік қызмет құрылады
Сондай-ақ қалалық актив отырысында қаңтар оқиғасынан зардап шеккен орта және шағын бизнес нысандарына көрсетілетін көмектің жайы да сөз болды. Алматыны қалпына келтіруде маңызы зор бұл салаға бүгінгі таңда бірқатар нақты жұмыстың тізбегі жасалып үлгерген. Мысалы, қызметіне зиян келген бизнес субъектілері ендігі 3 айда коммуналды төлемнен, ал 6 айда жалға алу ақысынан босатылады.
«Үлкен көмек ретінде 2 пайызбен 10 млн теңгеге дейін беріліп жатқан қолдаулар қазіргі таңда бизнеске нақты керек. Өйткені бизнестің қазіргі таңда бірінші мақсаты – қалпына оралу. Кәсіпкерлерге көрсетіп жатқан көмектер бизнестің тез арада оңалып шығуына көмегін тигізеді», – деді экономист Мақсат Сералы.
Қаңтар оқиғасы қаладағы қордаланып қалған мәселелерді көрсетті. Алматы активінде бірқатар тапсырма мен жаңа жоспар тізбегін нақтылаған шаһар басшысы «қалпына келтірудегі негізгі жұмыс алдымен тұрғындардың қауіпсіздігінен басталуы керек» деді. Ал бұл ретте азаматтардың өзара түсіністігі мен береке-бірлігі маңызды рөл ойнамақ.
«Біз әрқашан жақсылыққа тілекші болған халықпыз ғой. Қайғылы қаңтар оқиғасының қасіретін, жанымызға салған жарасын ыза-кекпен, ашумен жаза алмаймыз. Біз халық болып, әкімдік болып бірлікте, мейірім-махаббатпен, қайырым-шапағатпен ғана жаза аламыз», - деді ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқан.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, кешегі Алматы активінде қаланың келесі даму жолына құрылған жоспар мен инфрақұрылым негіздері нақтыланды. Қалпына келіп, қайта түрленетін қалада адам капиталының өсуіне жағдай жасау да бекітілген міндеттердің негізгі бөлігі болып отыр.
Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы