Қазақстан мен Беларусь десантшылары «Бауырластық шыңы – 2024» оқу-жаттығуы барысында барлау тапсырмаларын бірлесе пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоңғар Алатауының Жетісу облысындағы сілемдерінде Қазақстан мен Беларусь әскери қызметшілерінің қатысуымен өтіп жатқан екі жақты тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы жалғасуда.
Біріккен екі бөлімшенің құрамындағы толық жабдықталған әскери қызметшілер бір жарым тәулік ішінде биік таулы жерлерден траверс арқылы өте алды. Беларусь әскери қызметшілері үшін тау кедергілерін еңсеріп, қозғалудың бұл тәсілі жаңалық десе де болады.
– Бұл тапсырмаларды толық түсінбей әрі өзара көмексіз орындау мүмкін емес екен. Тауда ерекше бір атмосфера бар. Әсіресе ол мұнда алғаш көтерілгендерге қатты сезіледі. Біз бөлімшелердің үйлесімділігін арттырдық. Елге оралған соң өз әріптестерімізбен бөлісе алатын баға жетпес тәжірибе жинай алдық, – деді лақап атын «Минор» деп таныстырған біріккен барлау-десанттық тобының командирі.
Бағдар барысында десантшылар барлау жүргізудің іздеу, тосқауыл қою және шабуыл жасау секілді түрлі тәсілдерін пысықтады. Олардың әрқайсының өзіндік ерекшеліктері бар. Тау жағдайында іздеу, бұл аймақты тексеру, оның ішінде шартты қарсыластың нысандарын анықтау квадрокоптерлерді қолдануды қажет етеді. Мұнда жер бедерінің барлық элементі мен қатпар ерекшеліктерін ескеру керек. Тосқауыл қою үшін шартты қарсылас болуы мүмкін аймаққа торуыл жасау учаскесін таңдау керек. Бұл тактикалық әдіс тау дайындығы жабдықтарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
– Әскерилерді бүркемелеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мұнда біз тау бедерімен және өсімдіктермен бетпе-бет келдік. Ойлап табылған ерекшеліктерді көрсетуге тура келді. Бұл ретте бізге қазақстандық бауырлар көмек қолын созды. Біздің жасақ тапсырманы «жақсы» және «өте жақсы» деген бағаға орындай алды. Өйткені шартты қарсылас бізді визуалды тексеру кезінде де, дрондардың көмегімен де анықтай алмады, – деп сөзін жалғастырады «Минор».
Қарулы қақтығыстардың қазіргі заманғы шындықтары мен тәжірибесін ескере отырып, бүгінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен техникалық барлау құралдарынсыз бірде-бір операция жүргізілмейді. Олар барлау органдары мен командалық штаб арасында ақпарат алмасуды және барлау мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. Сондықтан да жақында Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен радиоэлектрондық барлау бөлімшелері құрылды.
Қазақстан мен Беларусь әскери қызметшілерінің бірлескен тапсырмаларды орындауы екі ел десанттық-барлау бөлімшелері дайындығының, күйзеліске төзімділіктің және жоғары жауынгерлік рухты көрсете алды.
Оқу процесінде бөлімшелердің үйлесімділігі артты. Екі елдің десантшылары тиімді іс-қимыл нұсқаларын талқылап, шешім қабылдап, элементтерді сол жерде пысықтады. Содан кейін ғана тапсырмаларды орындауға кірісті.
Оқу-жаттығуға қатысушылар алған тәжірибе одан әрі жауынгерлік қызметте қолданылатынын атап өтті. Әскерлердің жауынгерлік дайындық бағдарламасына енгізу үшін әртүрлі қарқындылықтағы қақтығыстарда қарулы күрес жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдері ұсынылатын болады.