Енді мұғалім, дәрігер, әлеуметтік қорғау мамандары алдына келген бала тепкі көргенін, соққы жегенін байқаса, оны құқық қорғау органдарына айтуға міндетті
Енді мұғалім, дәрігер, әлеуметтік қорғау мамандары алдына келген бала тепкі көргенін, соққы жегенін байқаса, оны құқық қорғау органдарына айтуға міндетті. Айтпаған жағдайда, оларға айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сенат пен мәжіліс депуттатары және министрлік өкілдері балаларды зорлық-зомбылықтан қорғайтын ұйымдардың жұмысына өзгерістер енгізбекші. Ол үшін арнайы заң жобасы дайындалған. Құжаттың алғашқы талқылауында мәжіліс депутаты Светлана Бычкова заңбұзушылықты біле тұра, үнсіз қалған мамандарға салынатын айыппұлдың қанша болатыны әлі белгісіз деді.
«Білім, әлеуметтік қорғау, денсаулық саласында жұмыс істейтіндер баланың денесінде көгерген жерді көрсе, міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарласуы керек. Үнсіз қалмауы керек. Айтпаған жағдайда, дәрігерге, мұғалімге немесе баланың әлеуметтік жағдайына қарайтын маманға айыппұл салынады. Салынатын айыпұлдың нақты мөлшері заң бекітілігенде белгілі болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Светлана БЫЧКОВА.
Светлана Бычкова заң жобасында мінезі ауыр, қоғамға бейімделуі қиын балалардың білім алуына да тоқталды. Депутаттың сөзінше, бүгінгі күні әумесер мінез-құлықты бала кешкі мектепті бітірсе, оның құжатына «девиантты мінез-құлықтыларға арналған білім ордасын тәмамдады» деген жазбамен беріледі. Ол жасөспірімінің болашағына балта шабады деді.
«Девиантты мінез-құлықтыларға арналған оқу орнын бітірді» деген жазбаны оқу соңында берілетін құжаттан алып тастау керек. Ол баланың ертеңіне үлкен кедергі болуы мүмкін. Жұмысқа тұрғанда немесе өзі бала сүйгенде. Жазуды жұмсартып, «Арнайы оқу орнын тәмамдады» дегенмен шектелу керек. Айта кетейін, бүгінгі күні елімізде мінезі ауыр, көпшілікпен тіл табысуы қиын жасөспірімдерді оқытатын жеті білім ордасы жұмыс істеп келеді», – деді Светлана БЫЧКОВА.