Қорғас: жүк тасымалдау ережесі қалай өзгерді

25.04.2023 в 00:39

Орталықта қосымша 250-ден астам бейнекамера орнатылған

Бүгіннен бастап «Қорғас» шекара маңы ынтамақтастығы халықаралық орталығы ашық. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс пен туризмнің дамуына арқау болған бекеттің жұмысы қайта басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

2020 жылы жабылып, бүгін қайта ашылған Қорғаста таңнан бері адам көп. Олардың арасында қазақстандықтар ғана емес, Қытай азаматтары да бар. Сауда орындарын біз де аралап көрдік. Киім-кешектен бастап, қажет дегеннің бәрі сатылымға шығарылған. Келушілердің сөзіне сенсек, мұндағы баға бұрынғыдай тиімді және тауарды сатып алуда қиындық жоқ.

«Бекет ашылады» деген жақсы хабарды естіп, қуанып, аралап көрдік», – деді Алматы қаласының тұрғыны Саят Жайырбеков.

Баға бұрынғыдай тиімді, дегенмен жүк тасымалдау ережесі өзгерген. Біріншіден, енді орталықтың Қазақстан бөлігінде таксистер жүрмейді, адамдар тек автобуспен қатынайды. Екіншіден, тауар алуға келген жеке тұлға бір айда 31 келіден артық жүк алып кете алмайды. Заттардың жалпы құны мың еуродан аспауы керек. Сатып алушылар автобусқа 5 келі жүк қана алып кіреді. Қалғанын әуежайдағыдай жүк тасымалдау пунктіне тапсыруға міндетті.

«Пандемияға дейінгі жұмыс тәртібін өте қатты зерттедік. Сол зерттеулер бойынша көпшілік көтерген  мәселе – автобустарға жүкті орналастыру болатын. Сол себепті туристер қоғамдық көлікке отыра алмайтын. Мәселені шешу үшін шешім қабылдадық», – деді «Қорғас» ШЫХО» АЭА БК» АҚ инвестициялар және маркетинг департаментінің директоры Әсет Байғараев.

Қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мақсатында орталықта қосымша 250-ден астам бейнекамера орнатылған. Жаңа автобустар қолданысқа беріліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған.

«Модернизация жүйесін жөндетіп, көптеген ішкі цифрлық жүйенің бәрін жаңартып, терминалдың ішіндегі қабаттарды жаңарттық. Бұрын темірден болатын болса, қазір шыныдан жасалды. Оған қоса, 260-тан аса бейнекамера орнатылды», – деді «ҚОРҒАС» ШЫХО» АЭА БК» АҚ басқарма төрағасы Біржан Жылқайдаров.

Модернизацияға 800 миллион теңгедей қаражат бөлініп, ол толық игерілген. Болашақта мұнда тағы 14 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы