Президент қауіпті індеттен қайтыс болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды
Бүгін Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні. Елордадағы басты ту төмен түсірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
8 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналар арқылы халыққа үндеу жасап, коронавирустан қаза тапқан қазақстандықтарды еске алу үшін 13 шілдені Аза тұту күні деп жариялаған болатын. Бүгін Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, шекаралық дипломатиялық мекемелер ғимараттарындағы мемлекеттік ту төмен түсірілді. Ойын-сауықтық шаралар мен осы бағыттағы теле, радио бағдарламалар тоқтатылды. Президент қауіпті індеттен қайтыс болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Мемлекет басшысының елдегі ахуалды тұрақтандыру үшін қабылдап жатқан шаралары індеттің бетін қайтаруға сеп болуы тиіс, дейді саясаткер Қазбек Майгельдинов. Өйткені дерттің дендеп кетуіне түрткі болған мәселелер көп деп санайды.
«Президенттің осындай бастамамен шығуы – шын мәнінде халықты біріктіру үшін, екінші жағынан халыққа деген ілтипатын көрсететін белгілердің бірі болып саналады... Президентіміздің халық арасына шығып, пандемияға байланысты басу, үндеу айтуының өзі – бұл сол мезеттегі ахуалды ушықтырып алмас үшін жасалып отырған қадамдар», – деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.