Арнайы дәрігер нұсқауымен ғана сатылатын дәрі саудасы қызып тұр

15.01.2020 21:21

Біздің түсіру тобымыз қаладағы дәріханалардың біріне жасырын камерамен бас сұқты

Мамандардың айтуынша бұл адамдардың өздігінен емделуіне алып келсе, оған қоса нашақорлармен қатар, жастарда  кейбір түрін басқа мақсатқа пайдаланатын көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалпы, бүгінгі таңда еліміз бойынша дәрілік  заттардың 7792 атауы тіркелсе, оның ішінде дәрігерлердің рецепті бойынша 6033-і, қалған дәрі-дәрмектің 23 пайызы ақ халаттылардың арнайы рұқсатынсыз сатылады екен. Біздің тілшілеріміз қаладағы дәріханалардың бірінен дәрігерлердің нұсқауымен ғана сатылатын дәріні сатып алуға тырысты.

Жалпы дамыған елдерде дәрі-дәрмек бұрыннан дәрігердің рұқсатымен ғана беріледі. Бізде антибиотик өз алдына, психотроптық дәрілердің кей түрін еркін сатып алуға болады. Бұған дәлел ретінде біздің түсіру тобымыз қаладағы дәріханалардың біріне жасырын камерамен бас сұқты.

Өздеріңіз көргендей психотроптық дәрілер құрамына жататын «Димедролды» сатушы еш қиналмастан қолымызға ұстата салды. Дәріхана қызметкерлеріне шара қолдану мақсатымен 102 телефонына хабарласып, полиция қызметкерлерін шақырдық. Құзырлы орган өкілдері тез келді.

Ал, дәріхана сатушысы аталған дәрінің арнайы дәрігер рұқсатымен ғана сатылатынын білмедім деп ақталды. Полиция қызметкерлерінің артынан дәріхана меңгерушісі де келді. Сатып алған дәріні көрсеткенде аң-таң болғандай кейіп танытты.

«Осы жерден алдыңыздар ма? Чегін берді ма бұл қыз? Қане, мен кіріп сөйлесейін бұл қызбен», – деді дәріхана меңгерушісі Айгүл ЖІГІТЕКОВА.

Сатушымен сөйлескен дәріхана қожайындары дәрінің дәрігердің нұсқауынсыз сатылуына сатушы қыздың білместігінен болды, алда рұқсатсыз сатпаймыз деген уәж айтты.

«Жас қыздар білмегендіктен сатып қояды», – деді дәріхана қожайыны.

Осы дәріхана маңындағы тұрғындардан арнамызға шағым көп түсе бастаған. Жасөспірімідер психотроптық дәріні не үшін пайдаланады екен деп алаңдап отыр. Бұған арнайы мамандар болса аталған дәріні емдік мақсаттан бөлек, есірткімен араластыру үшін пайдаланады дейді.  

«Көбіне нашақорлар қолданып жатыр ғой. Көптеген хаттар келді. Сондықтан рецеппен беретін қылып жазып берді ғой. Ол – негізінде ауруды басуға, жансыздандыруға қолданатын дәрілік зат», – дейді фармацевтикалық инспекция бөлімінің бас маманы Мақсат МЫРЗАХМЕТОВ.  

Егер дәріхана қызметкерлері дәрігердің арнайы нұсқауымен ғана берілетін дәрілерді сататын болса  Қазақстан Республикасының  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы бұзу кодексінің 426 бабына сәйкес төмендегідей айыппұл салынады:  

Жеке тұлғаларға -  185 570 теңге.

Лауазымды адамдарға - 265 100 теңге.

Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 344 630 теңге.

Орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 530 200 теңге .

Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 2 651 000 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Біз болған дәріхана меңгерушісіне полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырды. Биылдан бастап тағы да үш жылға мораторий жарияланғанын ескерсек, кейбір әккі кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті  өз пайдасына пайдаланып отыр. Ал дәріханаларды өз бақылауында ұстап отыруы тиіс мамандар мұндай заңсыздықты тоқтатуға қауқарсызбыз деп отыр.

Қуан Нұрақын, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы