Алматыда енді хош иісті лаванда гүлдейді

17.04.2019 22:56

Былтыр қаланың 13 мың шаршы метр аумағына гүлдің бірнеше түрі егілген болатын

Хош иісті нәзік гүл Тұңғыш Президент саябағына сән бермек. Жалпы, биыл мегаполисте 110 мың шаршы метр жер гүлзарларға айналды. Оның 13 мыңнан астамына қызғалдақтар егілген, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.

Онсыз да жасыл желекті Алматы енді түрлі-түсті қызғалдақтар мен гүлге оранбақ. Өсімдіктер өткен жылдың күзінде 13 мың шаршы метрден астам жерге егілген болатын. Қалада бұл гүлдердің 20-дан аса сұрпы бар. Олардың арасында голланд селекционері шығарған Назарбаев сорты да бар.

«110 мың шаршы метр жерге жаздық және біржылдық өсімдіктер егілді. Саябақтар мен магистральді көшелердің бойына да көпжылдық гүлдер отырғызылды. Сондай-ақ, бөлу жолақтарындағы жарықшам бағаналарының бойымен вертикальді көгалдандыру қарастырылып жатыр», - дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Нұрлан ҚҰТЫБАЕВ.

Биыл Алматыны абаттандырумен 6 мердігер компания айналысуда. Олармен Жасыл экономика басқармасы алғаш рет мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша 5 жылға келісімшартқа отырған. Мұндай әріптестіктің жемісті болатынына екі жақ та сенімді. Себебі, әр мекеме өздеріне қарасты аумаққа жауап береді. Яғни, сол жерге гүл отырғызып, оны күтіп-баптайды. Солардың бірі – тәжірибелі гүл өсіруші Гүлзада Қалдыбаева. Оның компаниясы ұлттық нақыштағы кілем гүлзарларын жаңғыртумен айналысады.

«Біздің ұжым Орталық саябағы, Тұңғыш Президент саябағы, Панфиловшылар саябағы және де осы әкімшіліктің маңайындағы саябақтарға жалпы 5400 шаршы метрге қызғалдақ отырғызды. Тек қызғалдақтар ғана емес, сальвия, бегония, секілді біржылдық гүлдердің 10-15 түрі де егіледі», –  дейді мердігер компанияның басшысы Гүлзада ҚАЛДЫБАЕВА.

Сондай-ақ, көкжалбыз, сарыандыз, күнгелді және лаванда секілді көпжылдық өсімдіктер күні ертең-ақ Алматыға көрік бермек. Соның ішінде хош иісті лаванда Тұңғыш Президент саябағына отырғызылады.  

Жасыратыны жоқ, көктем келгелі қаладағы гүлзарлардан гүл ұрлаған жағдайлар да болды. Алайда, мұндай әрекет үшін енді айыппұл төлеуге тура келеді.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы