Сексеуіл егіп, оны қараусыз қалдырған мердігерге көпшілік наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Атырау облысында егілген 26 мың 875 дана сексеуілден сая болар түк қалмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысының бірнеше ауданы құм құрсауында қалды. Толассыз көшкен шағыл тұрғын үй мен қора жайларды жайпап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Исатай ауылының тұрғыны Фаруза Сұлтанәлиева «күнде дауыл тұрмаса екен» деп тілеп, жанын шүберекке түйіп отырады. Жалғызбасты ана 2-3 жылдан бері үйін үйіріліп соққан шағыл басып қалады деп қорқады.

– Құмның азабын көрдік. Аптасына бір-екі рет құмды шығарамыз. Үйді басып кететін түрі бар, – деді Исатай ауылының тұрғыны Фаруза Сұлтанәлиева.

300-дей үй орналасқан Исатай ауылы көз аштырмайтын дауылдан зардап шегіп отыр. Тұрғындарға есік-терезені ашу мұңға айналған. Құм тоқтату жұмыстарына бөлінген 115 млн теңгенің тірлігі сәтсіз аяқталды. Егілген 26 мың 875 дана сексеуілден сая болар түк қалмаған. Енді салғырттық салдарын ауылдықтар тартып отыр. Шілдеде сексеуіл егіп, оны қараусыз қалдырған мердігерге жұрт наразы. Қазір бәрінен бұрын елдімекенді құмнан арылту мәселесі маңызды болып тұр.

– Қазір жобалау-сметалық құжатын дайындап жатырмыз. Ауылдың ішіндегі құмды ен далаға шығару жұмысымен айналысып жатырмыз, – деді Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаш.

Десе де атқамінерлер кем-кетіктің жуырда түзелетінін айтады. Шаруаны шала істеп, жұмысты жарытпаған мердігерге соңғы рет мүмкіндік берілмек.

– Олар кепілхат жазып берді. Күз айында жұмысын жалғастыруды міндетәне алып отыр. Егер орындамаса, сотқа жүгінеміз, – деді облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева.

Жауаптылар құмды тоқтату жұмыстары жалғаса беретінін айтты. Алда Нарын, Сағыз, Қарабау, Қаракөл, Жасқайрат, Бүйрек секілді шағылға көмілген 6 ауылға сексеуіл егілмек.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы»

Новости партнеров