Бақытжан Сағынтаев Алматыда IT-кеңес құру туралы ұсынысты қолдады

31.10.2019 22:56

Шаһар басшысының айтуынша, Алматы осы салада әлемнің ең дамыған әрі инновациялық қалаларының біріне айнала алады

Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев IT-қоғамдастығымен кездесуі барысында Алматыда IT-кеңес құрылатынын мәлімдеді. Жиында аталған саланы дамытудың жолдары сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Электрондық коммерция, онлайн қызметтер, білім беру, инвестиция салаларымен айналысатын цифрлық компаниялардың өкілдері сандық жүйенің одан әрі қалыптасуы туралы өздерінің көзқарастарын ұсынды. Кездесудің барлық қатысушылары саланы тиімді реттеу, цифрландыру тұрғысында жеке бизнесті қолдау мен дамытудың түсінікті ережелерін жасау туралы айтты. Негізгі мәселелердің бірі – кадр жетіспеушілігі. Осы тұста бейнебақылау жүйесін жасаушы Қайрат Ахметов студенттік қалашықтар мен зертханалар ашуды ұсынды.

Қала басшысы өз кезегінде әкімдік тарапынан ашылғалы жатқан кеңеске қолдау білдіретінін, тіпті Алматыдан халықаралық IT-мектептің ашылуы да мүмкін екенін жеткізді.

«Жақында қаланы дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала өмірінің барлық салаларын цифрландыру бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондықтан сіздердің көмектеріңіз біз үшін маңызды. Құрылған IT-кеңестің аясында біз айына бір рет кездесіп, нақты сұрақтар қойып, олардың шешімін табамыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Солайша әкімдік барша ниетті тараптарға инфрақұрылымын жасақтауға көмектесетін болды, Саланы дамытудың нәтижесі қала экономикасында айтарлықтай маңызға ие болуы керек деді әкім өз сөзінде.

Б. Сағынтаевың айтуынша, Алматы осы салада әлемнің ең дамыған әрі инновациялық қалаларының біріне айнала алады. Оған барлық мүмкіндік те бар, бастысы – бай адами капитал. Ол үшін ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының барлық әлеуетін пайдалану керек деді әкім.