Қалада барлығы 150 мың құдық бар
Алматыдағы мыңдаған кәріз бен су құдығының қақпағына қосымша темір тор салынады. Бұл апандай ашық қалған құдықтарға құлап кететін оқыс оқиғалардың алдын-ала алмақ. Бірақ жұрттың жарақаттанбауын ойлаған бастаманы әзірге тек Алматы су мекемесі атқармақ. Яғни, қаладағы 150 мың құдықтың қашан толықтай қауіпсіз болатыны белгісіз деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Темір торды шеңберге шегелеу қарапайым ғана жұмыс. Шойын қақпақтың астына бекітілген шеңберді қажет кезінде ашып жабуға да оңай дейді орнатушылар. Арнайы тапсырыспен дайындалатын заманауи торлар немесе жаңа технологияны қолдану қымбат, ол үшін барлық кәріз жүйесін жаңарту қажет. Сондықтан осындай арзан және қауіпсіз әдісті қолдануды қабылдаған.
«Біз қақпақ астына торларды қойдық. Әуезов ауданында шағынаудандар көп. Кішкентай балалар жүреді. Халық жүреді. Адам жүретін жолда орналасқан кейбір құдықтар қауіпті, түнде ішіне құлап кетуің мүмкін. Ең алдымен соларды бітеп жатырмыз», - дейді «Алматы су холдингі» МКМ инженері Бекдос УӘЛИ.
Қалада қақпақты құдықтардың саны 150 мың болса, олардың 87 мыңы «Алматы су» мекемесінің меншігі. Олардың бәрін түгендеп, тұрғындардың құдыққа құламауын қамтамасыз ету қиын. Тек былтырдан бері «Алматы суға» тиесілі екі жүздей шойын қақпақ қолды болған.
«Біздің басты мақсатымыз аулалалардағы құдықтардың бетіне тор қою. Жер үйлерде емес, көп қабатты үйлердің маңында көп орналасқан. Бір темір тордың өзі 10 мың теңгені қажет етеді. Бұл қаражатты біз мекеме бюджетінен бөлеміз», - дейді «Алматы су холдингі» МКМ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Ақбота ЖЫЛЫСОВА.
Темір тор кемі 200 келі салмақты көтереді. Олар үлкен және орталық тас жолдарға қойылмайды. Ал аула, тротуарларда «Алматы су» мекемесінен бөлек газ, телекоммуникация, жылу жүйесіне қарайтын 70 мыңдай құдық бар. Қақпағы жиі жоғалатын бұл құдықтарға жауаптылар жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жұмысын әлі қолға алған жоқ.
Талай адамның тағдыры қыршынынан қиылып, қапыда қайғы әкелген жайттар аз емес. Ал, көлік дөңгелегінің кептеліп қалуы мен сынуын санап жатқан жан жоқ. Бұндай оқиғалар қоғамдық резанонс тудырған соң ғана қақпаққа қарайтындар құдықты қауіпсіз етудің әдісін тапқан. Онда да тек Алматы су компаниясы ғана өздеріне тиесілі 87 мың құдық қақпағының астына қосымша темір тор салмақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы