Вакцина алсаңыз да індеттен сақтанудың қарапайым ережелерін сақтаған жөн
Дәрігерлер, мейірбикелер, санитарлар – осылардың барлығы адам өмірі үшін күнде күресетін адамдар. Коронавирус бәріміздің, әсіресе, дәрігерлеріміздің өмірін өзгертті. Біздің уақытымыздың қаһарманының бірі – №36 Қалалық емхананың мобильдік бригадасының меңгерушісі Ілияс Сағиев. Оның әр күні қоңырау шалудан және коронавируспен ауратын пациенттердің үйіне барып емдеуден басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның басшылығымен пандемия басталғалы бері емхананың жанында құрылған 7 мобильдік бригада жұмыс істейді. Жас дәрігер Ілияс Сағиев университетті тәмамдағаннан соң осы емханада учаскелік дәрігер болып қызмет етті. Пандемия басталғаннан бері оны мобильдік бригаданы басқаруға тағайындады. Қазіргі уақытта Ілияс қызметін жақсы атқаруда.
– Ілияс, жұмыс күніңіз қалай және қашан басталады?
– Менің жұмыс күнім таңғы 8:00-ден басталады. Менің лауазымдық міндетіме коронавируспен ауратын, олармен байланысқан пациенттерді амбулаторлық деңгейде жүргізу жатады. Үйге бару арқылы біз пациенттерді бастапқы тексерісін жүргіземіз, аурудың деңгейін бағалап, ПТР-тестке анализін аламыз, көрсеткіштері бойынша пациентті КТ және рентгенге жібереміз. КВИ анализі расталған жағдайда емдеуді тағайындап, пациентті толыққанды емдеуді бастаймыз. Қатты ауырғандарды стационарға жатқызамыз. Сондай-ақ, біздің мобильдік бригада пациенттерді фильтр кабинеттерде қабылдайды. Жұмыс ырғағына қатысты айтатыным – демалыс және мереке күндері де жұмыс істейміз. Жүктеме үлкен, себебі пациенттер көп. Айта кететін жайт, біз осы бір қатерлі инфекциямен күресуді үйрендік, көп тәжірибе алдық.
– Коронавирус инфекциясын жұқтыру үрейі болды ма?
– Ең басында, мұндай үрей бәрінде болғаны рас, бірақ қорғаныстың барлық қағидасын орындап сақтаса, жұқтырмауға да болады. Айтпақшы, мен және менің отбасым КВИ-мен ауырған емес. Бүгінде мен вакцина салдырдым, өзімді жақсы сезінемін. Дегенмен жағдайды пайдалана отырып айтатыным – вакцина алсаңыз да КВИ-ден сақтанудың қарапайым ережелерін орындау қажет. Ол – дегеніміз, маска кию, көпшілік жиналатын жерлерден аулақ болу және т.б.
– КВИ-мен ауратын қанша пациент сізден өтті?
– Пандемия басталған кезеңнен бері бізде 689 пациент тіркелген. Қазіргі кезде КВИ диагнозы дәлелденген 71 пациентті бақылаудамыз, оның ішінде 5 балалар.
– Науқастар сізді тани ма?
– Таниды деп айтса да болады. Біз оларға қорғаныс құралдарын киіп барсақ та, олар бізді даусымыздан таниды.
– Күніне орташа есеппен қанша шақырту аласыздар?
– Орташа алғанда бізде күніне 20 шақырту тіркелген.
– Денсаулығы нашар пациенттер болды ма?
– Ия, өкінішке қарай, болды. Мысалы, 88 жастағы пациент. Ол кісіде расталған КВИ-дан басқа да қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі секілді аурулар анықталды. Біз оған КТ тексерісін жасадық, нәтижесінде өкпесінің 75%-ға зақымданғанын көрсетті. Пациентімізге қанша жалынсақ та, ауруханаға жатудан бас тартты. Сол себепті амбулаторлық түрде емдедік, күнде үйіне барып, денсаулығын бақылап отырдық. Соңында пациентіміз емделіп шықты, қазір өзін жақсы сезінді.
– Әріптестеріңізге айтар тілегіңіз бар ма?
Мен өз қызметімнен дәрігерлер мен басқа медицина қызметкерлеріне пациенттердің қамқорлығын уайымдап эмоцияға беріліп кететінін және де сол қамқорлыққа елігіп кету шешім қабылдауға әсерін тигізетінін жақсы білемін.
Дәрігерлеріміз пандемияны болдырмау үшін бәрін жасап жатыр, ал біз оларға көмек ретінде үйде отыруымыз тиіс екенін айта кеткім келеді. Олар ұйқысын, демалыс күндерін қиып, күні-түні жұмыс істеуде, өйткені біз вирусты жеңуіміз керек!