Алматыда қалта ұрылары Орталық мешітке келушілерді тонауға көшкен

30.01.2019 22:57

Алматының Орталық мешітінде ұрлық азаймай тұр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан құлшылық үйінен ақшасы мен құжаттарын ұрлатқан адамдар бірнеше күннен бері жоғын іздеп, мешіт алдынан кетпей жүр. Ал мешіт қызметкерлері күн сайын келетін мыңдаған адамның бәріне бақылау жасай алмаймыз дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бесін намазына келіп барлық құжатынан айырылып қалған жігіттің бірі – Ербол. Сәждеге жығылған сәтін пайдаланған ұрылар киімінің қалтасын қопарып кеткен. Банк картасы, көлік жүргізу куәлігі мен жеке куәлігі сынды қажетті құжаттарынан қағылған студент үш күннен бері мешітті айналсоқтап жүр. 

«Сағат екілер шамасында бесін намазына досыммен келген едім. Күртемді шешіп қойғанмын. Ішінде құжаттар, ұялы телефон болған. Соның бәрін әкетіп отыр. Он минут өткеннен кейін намаз аяқталған соң қайтып келсек, орнында жоқ болып шықты. Камерадан қарасақ, дұрыс көрінбейді, беттері бұлыңғыр. Енді Алланың үйі, қасиетті мекен болғаннан кейін ешкімге еш күмән болмайды ғой адамда», – дейді студент Ербол СЕЙДАЗИМОВ.

Сапарға шығар алдында дұға қылмақ ниетпен келіп, телефоны мен алған айлығынан айырылған тағы бір жан – Бекболат. Мешіт ішінде тілдескен өзбекстандық жігіт көз алдында заттарын қолды қылып, қашып кеткен.

«Дәретке кірдік. «Әкеліңіз, күртеңізді ұстай тұрайын» деді. «Ой, өркенің өссін» деп қолына ұстата салдым. Күртемнен әмиянымды алған. «Аға, телефоныңызбен сөйлесіп алайын» деді. «Иә, айналайын, сөйлесіп ал» дедім. Біраз сөйлесіп тұрды, тағы бір қарасам, қашып үлгеріпті», – деп жағдайын айтты тағы бір тұрғын Бекболат МҰРАТБАЕВ.

Жаратушыға жалынып, бір сәт құлшылық жасауға жүгінген жамағаттың бейқам күйін ұрылар жақсы пайдаланады дейді затын алдырған адамдар. Қажетін қолды қылған қауымның көбі дінге көлеңке келмесін деген оймен алдырған заттарын жоқтамай, жылы жауып қоя салғанды жөн көреді екен.

Басында камераға түсіруге рұқсат бермеген мешіт қызметкерлері аяқ астынан уағыз айтып кетті. Айтуларынша, мешітке келетін жан көп болғандықтан барлығының затын бақылау мүмкін емес.  

«Мешітке күніне 5 мыңға жуық жамағат келеді. Көпшілік болғаннан кейін әртүрлі жағдай орын алады. Сол себепті, келген жамағаттың қауіпсіздігін сақтау мақсатында мешітте 25 камера қондырылған. Одан бөлек, мешіттің күзетшісі бар, үш-төрт кезекші және шәкірттеріміз әр намазды бақылап, қарап отырады. Дегенмен, түрлі жағдай аракідік болып тұрады», – деді Алматы қаласы Орталық мешітінің іс басқарушысы Ержан НАЗАРБЕК.

Сұғанақтар зат ұрлаудың ауыр күнә екенін бағамдамаса да, намазханның кешірімді екенін біліп, осындай қылмысқа барады дейді мешіт қызметкерлері. Ал Полиция департаменті «Мешіттегі оқиғалар жеке жазылмайды. Соңғы бір жылда қоғамдық орындарда ұрлық жасаған 55 қылмыстық топ анықталып, 89 адам ұсталды» деп жауап берді.  


Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы