Атырау облысының бірнеше ауданын құм басып қалды

08.09.2023 22:57

Исатай, Құрманғазы ауданында 40 гектар аумаққа сексеуіл егілді

Almaty.tv

Атырау облысының бірнеше ауданын құм басып қалу қаупі бар. Тұрғындар дабыл қағып, жергілікті биліктен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында жағдай күрделі. Құрғақшылық салдарынан үдере көшкен шағыл мектеп үйін қоршап алған. Қызылқоға ауданындағы 6 елдімекенде осындай проблема бар. Жұмыс көлемі ауқымды болғандықтан биыл облыстық Табиғи ресурстарды қорғау және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы кешенді жоба жасаған. Бүгінде облыс бойынша 12 ауылда құм тоқтатылып, 40 гектар жерге сексеуіл егілген.

Қарабау ауылының тұрғыны Нұралы Өміров бұл ауылға 1990 жылы көшіп келген. «Содан бері жағдайдың өзгеремегін айтқан ол «сусыған шағыл ентелеп, ауыл шетіне еніп келеді» дейді.

– Мал да, жан да осы жерден су ішетін еді. Құдықты құм басып қалды. Мал да жүре алмайды. Жел соқса, тіпті кәдімгі «құрғақ» боранға айналады, – деді Қарабау ауылының тұрғыны Нұралы Өміров.

Қазір осындағы мыңнан аса үй жанын шүберекке түйіп, күнін көріп отыр. Қалаға бәрінің бірдей көшетін жағдайы жоқ. Ал толассыз соғатын құм дауылмен күресуге ауыл тұрмақ, аудан әкімдігінің қауқары жетпей отыр. 2015 жылы Қарабау ауылында өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 1 жарым млн теңге қаражатқа шағылды жиектеп қорған тұрғызылған еді.

– Сағыз, Бүйрек, Қарабау, Қаракөл елдімекенінде ұсыныс келіп түсті. Жергілікті бюджеттен қаржы сұратып, жердің координаты анықталып, 32,4 гектарға орналастыру жобасы жасалды, – деді облыстық Табиғи ресурстарды қорғау және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева.

Облыс бойынша 4 ауданда 30-ға тарта ауыл құм шағылдың құрсауында қалып отыр. Мәселені шешу үшін былтыр облыстық бюджеттен 367 млн теңге қаражат қаралған болатын. Бүгінде Исатай, Құрманғазы ауданында 40 гектар аумаққа сексеуіл егілді. Жоба нәтиже берсе, қалған ауылдарға да жасыл белдеу тартылатын болады.

Оразай Нұртай, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы қаласы бойынша 11-17 қыркүйек аралығындағы ауа райы болжамы