Бақытжан Сағынтаев: «Ескі Алматының қайталанбас келбеті сақталуы тиіс»​

30.09.2019 20:26

Әкім мердігерлерге тарихи ғимараттың сәулеттік келбетін қалпына келтіруді ескертті​

Бақытжан Сағынтаев ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар нысандарға да бас сұқты. Ботаника бағының құрылысы келер жылдың көктемінде аяқталып, халық игілігіне беріледі. Бүгінде тиісті жұмыстар уақытылы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматылықтар үшін маңызды жерде жаяу жүргіншілер жолы экологиялық талапқа сай оңтайландырылып, жарықтандырудың инженерлік желілері мен суару жүйесі салынады. Сондай-ақ үш кіру аймағы болады. Жаңартылған Ботаника бағы өзінің ғылыми-зерттеу және табиғатты қорғау қызметін жалғастыра отырып, қаланың ерекше көрікті жеріне және мегаполис тұрғындарының демалыс аймағы болып қала береді. Қайта жөндеу жүргізудің басты мақсаты – экологиялық тепе-теңдікті құру арқылы бақшаның табиғи ортасын сақтау», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Одан бөлек, шаһар басшысы бұрынғы Саяси ағарту үйін қайта жөндеуден өткізіп, Достық пен Абай даңғылының, Пушкин мен Құрманғазы көшелерінің шаршысын да қайта жаңғырту керектігіне назар аударды. Мердігерлердің назарына аталған тарихи ғимараттың сәулеттік келбетін қалпына келтіру қажеттігін ескертті.

«Бұл – Алматының тарихи және мәдени орталығы. Ескі Алматының қайталанбас келбеті сақталуы тиіс», – деді әкім өз сөзінде.