Әртістерге арналған моральдік кодекс мағынасыз əндерге де нүкте қоймақ
Отандық эстрадада көзге қораш, ашық-шашық сахналарға толы бейнебаяндар мен мән-мағынасыз əндер азаяр емес. Тамылжыған бұлбұлдай үні мен бойындағы дарынын паш етуден гөрі, дене бітімінің сымбаттылығын көрсетіп, ашық-шашық киімдерге басымдық беретін әнші арулар сахнаны жаулап барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2018 жылы бастама болып көтерілген шоу-бизнес туралы заңнама қабылданса, сахнада қысқа киініп, қазақ менталитетіне кереғар, ерсі бейнебаяндар түсіретін әншілердің саны қаншалықты азаймақ?
Жастар арасында кең танымалдыққа ие Moonlight тобының әншісі Аңсат Ділдабай сахнада жалаңаштануға бір табан жақын әпке-қарындастарын сынаудан аулақ. Алайда сахна мен бейнебаяндарындағы образдарының қазақ менталитетіне тән емес екендігін ашына айтады. Сондықтан да шоу-бизнес туралы моральдік кодекстің қабылдануын құп көреді.
«Салт-дәстүріміз құрып кетеді, діни тұрғыдан қарайтын болсақ, ол нәрсе дұрыс емес. Сол жағынан шоу-бизнес туралы моральдік кодекс қабылданса тамаша болар еді», – дейді Moonlight тобының мүшесі Аңсат ДІЛДАБАЙ.
Қабылдануы мүмкін моральдік кодекстің бір тармағы қазақ халқының менталитеті, ұлттық құндылықтары мен дəстүрлеріне кереғар келетін əндер мен бейнебаяндарды эфирге өткізбеуді көздейді. Яғни əртістерге арналған моральдік кодекс мағынасыз əндерге де нүкте қоймақ. Эстарададағы үлкен буын ағаларымыз әдетте даңғыр-дұңғыр, бас-аяғы жоқ жастар орындайтын әндерді сынап жатады. Ал жас буын өкілдерінің бұған айтар өз уәжі бар.
«Неге біздің әндерді үлкен буын мағынасыз деп айтады. Қазіргі жастардың ұстанымы басқашалау ғой. Біз көбінесе жастарға ой салуға, түрткі болуға тырысамыз», – дейді Moonlight тобының мүшесі Аңсат ДІЛДАБАЙ.
Шоу-бизнес туралы заң қабылданады дегенде Q-pop жанкүйерлері бірден өз сүйікті топтарын ойлап, елең ете қалады. Яғни, жаңа заңнама Q-pop әншілерінің шығармашылығына балта шабады ма деген қорқыныш немен байланысты?
«Жаңағы шаш бояу, көз бояу, сол сияқты нәрселерге алаңдаушылық қой. Одан басқа себеп жоқ. Өнер ол – өнер. Әрқашан өсе береді. Жаңа бағыттар пайда болады», – дейді Moonlight тобының мүшесі Аңсат ДІЛДАБАЙ.
Жақтаушылары да, даттаушылары да көп Ninety one тобы болса, жақында көрермендердің назарына деректі фильмді ұсынды. Ол q-pop майталмандарының шығармашылық жолын сипаттайды. Топ мүшесі ZAQ, яғни, Дулат Болатұлы тіпті фильмнің тарихи-философиялық астарына да тоқталды.
«Біз тарихымызға қарауымыз тиіс. Өзіміздің кезімізде кім болғанымызды, не болғанымызды естен шығармауымыз тиіс. Бірақ сөйте тұра, бүгінгі болып жатқан оқиғалармен симбиозға түсіп, 21 ғасырға қадам басуымыз керек. Q-pop деген – ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы тек қана қазақ емес, жалпы осы елде тұратын адамдардың идентификациясы. Кино сол жөнінде», – дейді «Ninety One» тобының мүшесі Дулат Болатұлы.
Шоу-бизнес туралы заң қабылданған кезде, эстарадада ашық-шашық киінген әртістер азайып, мағыналы әндер мен жанды дауыста ән айтатын әртістердің саны қаншалықты артатыны, уақыт еншісінде қалмақ.